Accessibility links

Сот Боқаевтың түрме басшысына арызын прокуратураға қайтарды


Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында. Атырау, 18 қараша 2016 жыл.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында. Атырау, 18 қараша 2016 жыл.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сот алқасы түрмедегі белсенді Макс Боқаевтың өзінің бірнеше айдан бері тәртіптік изоляторда отыруын заңсыз деп тануды сұраған арызын тағы да прокуратураға қайтарды.

16 қаңтардан бері тәртіптік изоляторда отырған Макс Боқаевтың үшінші арызын қараған сот процесі наурыздың 1-і күні Алматы қалалық сотында өтті. Оған адвокаттар Айман Омарова мен Макс Боқаевтың қорғаушысы Жанаргүл Боқаевадан өзге Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының қылмыстық жазасын өтеп жатқандар құқығының сақталуын бақылау жөніндегі басқармасының аға прокуроры А.Катренов қатысқан.

Макс Боқаев жазасын өтеп жатқан ЕС -164\3 мекемесінің басшысы Арман Ғалиевтің қаңтардан бері денсаулығына байланысты таңғы жаттығуды суық күнде далада жасаудан бас тартқаны үшін тәртіптік изолтяторға қамап, өзін заңды өрескел бұзушы ретінде дәрежелеу әрекетін заңсыз деп тануды сұрап Петропавл қалалық сотына бірнеше мәрте арыз түсірген.

Адвокат Айман Омарованың айтуынша, оның алғашқы арызын қараған судья Н.Жәнібекова мекеме әрекетінің заңдылығын тексеру үшін арызды Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасына жөнелткен. Облыстық прокуратура "Боқаевтың шағымында көрсетілген жайттар расталмады" деп жауап берген. Кейін Макс Боқаев Петропавл түрмесіндегі сотталушыларға ауа райының қатты суықтығына қарамастан мәжбүрлі дене жаттығуын жасатуды, оған қарсылық білдіргені үшін өзін тәртіптік оқшаулау камерасына қамауын азаптау деп бағалайтынын айтып тағы шағым түсірген. Шағымды қараған судья Н.Жәнібекова оны қайта прокуратураға жіберген. Бұған қанағаттанбаған Макс Боқаев 12 ақпанда жеке шағым түсіріп, соттан шешімді өзі қабылдауын сұраған.

Солтүстік Қазақстан облыстық апелляциялық сотының судьясы Б. Тәшенов алғашқы сот инстанциясы шешімінің өзгеріссіз қалатынын мәлімдеп, онлайн арқылы бұл шешімді прокурордың да қуаттағанын айтқан.

Бірақ Айман Омарова соттың бұл мәлімдемесімен келіспейді. Ол сот шешімі оқылғанға дейін прокурор А.Катренов онлайн арқылы судьяның көзінше басқа түсініктеме бергенін айтады.

- Прокурор Боқаевтың арызын қанағаттандыруды сұрап, алдыңғы сот инстанциясындағы судьяның сотталушы арызын прокуратураға заңсыз жіберіп отырғанын айтты. Бірақ Катренов бұл жағдайда прокуратура неге өтініш түсірмеген деген сауалыма жауап берген жоқ, - дейді Омарова.

Адвокат Айман Омарова Солтүсік Қазақстан облыстық прокуратурасының бұл істі тергеп-тексеретініне күмәнмен қарайды.

- Судьяның прокуратураға жібергені дұрыс. Бірақ прокуратураның алдыңғы сөзбұйдаға салған әркетінен соң соттың ЕС-164/3 мекемесі әкімшілігінің шешімін заңсыз деп тану жөнінде өз бетінше шешім қабылдауға да құқығы бар еді. Біздің Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының әлдебір тергеу жұмыстарын жүргізетініне сеніміміз жоқ, - дейді ол.

Макс Боқаевтың туысы әрі қорғаушысы Жанаргүл Боқаева оның жағдайынан хабарсыз екендіктерін айтты.

- Телефонмен сөйлесуге тыйым салынған. Оның денсаулығы туралы қазір ешқандай ақпаратымыз жоқ, - деді ол Азаттыққа.

2016 жылғы Атыраудағы аса ауқымды жер реформасына қатысты митингілерден соң Макс Боқаев пен Талғат Аян бес жылға сотталған. 2016 жылғы 28 қарашада Атырау қалалық №2 соты Боқаевтың жазасын Атыраудағы УГ 157\9 мекемесінде өтеуді белгілегенімен, 2017 жылғы 27 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС -164\3 мекемесіне жөнелтілген. Содан бері Макс Боқаев та, оның туыстары да бұл ауыстырумен келіспей, бірнеше мәрте арызданған, алайда сот бұл арыздарды қанағаттандырмаған.

Оқи отырыңыз: Макс Боқаев: "Қазіргі жағдайда түрмеде отыру өкінішті де, ұят та емес"

Құқық қорғаушылар азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға тағылған айыптардың «саяси астары» бар деп санайды.

2017 жылғы тамыз айында БҰҰ-ның қисынсыз тұтқындау жөніндегі жұмысшы тобының 78-сессиясында қабылданған №16/2017 тұжырымында Макс Боқаев пен Талғат Аянды ұстаған Қазақстан билігінің ісін "жөн-жосықсыз, қисынсыз" деп бағалаған.

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы да атыраулық екі белсендіні "ар-ождан тұтқындары" деп таныған.

XS
SM
MD
LG