Accessibility links

Шымкентте "деструктивті ағым мүшесі" айыбын мойындамады


Шымкенттегі әл Фараби аудандық соты (Көрнекі сурет).
Шымкенттегі әл Фараби аудандық соты (Көрнекі сурет).

Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында "Гарант" дүкендері аумағында "деструктивті ағым мүшесі" деген күдікпен ұсталған Бақытжан Ізтілеуов прокуратура таққан айыппен келіспейтінін мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

5 наурызда жалғасқан сот отырысында Бақытжан Ізтілеуовтің адвокаты Нұржан Төлегенов судья Еркебұлан Төлешовке сот кеңсесі арқылы төрт талап тілек білдіргенін айтты. Адвокаттың сөзінше, ол істі қазақ тілінде жүргізу, айыпталушының анасының мүгедек екенін, төрт баласының үшеуі кәмелет жасына толмағанын ескеруді, әкесінің інісін қоғамдық қорғаушы ретінде тануды сұраған. Талап тілекте сонымен қатар прокуратура Қылмыстық кодекстің тек 174-бабы 1-бөлігімен айыпты деп таныса ғана процессуалдық келісімге келетіні айтылған.

Прокурор Бағдат Мекенбаев процессуалдық келісімге дайын емес екенін жеткізді.

Сот прокурорға айыптау актісін оқуға рұқсат етті. Прокурор Ізтілеуов "Гарант" дүкендері аумағында телефон сатқанын, сатқан телефондарға "ұлттық және діни алауыздықты қоздыратын аудио және видео материалдар жүктегенін", "терроризмді насихаттағаны үшін" айыпталатынын айтты. Бақытжан Ізтілеуов тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді.

Ізтілеуовтың адвокаты Нұржан Төлегенов прокурормен процессуалдық келісімге келу үшін соттан үзіліс жасауды сұрады.

- Ізтілеуовті айыптайтын бір де бір дәлел жоқ. Бірақ сонда да біз прокурормен 174- баптың 1-бөлігін мойындап, процессуалдық келісімге келуге шақырамыз, - деді Төлегенов Азаттыққа.

Сотта БАҚ өкілдеріне суретке және видеоға түсіруге тыйым салды. Бұл іс бойынша сот 20 ақпан күні басталған.

Бақытжан Ізтілеуов 2017 жылы 22 қыркүйекте ұсталып, қамалған. Ол Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлімі ("Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру"), 256-бабының 1-бөлімі ("Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру") бойынша күдікті деп танылған. Бұған дейін оны қамауға алу мерзімі бірнеше рет ұзартылған.

Бақытжан Ізтілеуовпен бірге бір күнде, Сарыағаш қаласында ұсталған Алпамыс Жүсіпбеков пен Жетісай қаласында ұсталған Самат Борашев Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігімен ("Жария түрде немесе ақпарат құралдары арқылы діни араздықты қоздыру") айыпты деп танылып, бас бостандығы үш жарым жылға шектелген.

XS
SM
MD
LG