Шығыс Қазақстан облысында соңғы мәлімет бойынша, су басқан жеке тұрғын үй саны 70-ке, аула саны 30-ға жетті деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД). Сонымен қатар, саяжайлардағы 110 үйді су алған. Су басқан елді мекендерден 400 адам эвакуацияланған.
Облыс орталығы Өскемен қаласы мен Риддерде ауа-райына байланысты мектеп оқушылары мен колледждің 1-2 курс студенттеріне сабақ тоқтатылды.
Аягөз ауданында 40 үйді, Өскеменде 8 үй мен 27 ауланы, Ұлан ауданында екі үй мен төрт ауланы, Глубокое ауданында үш үйді су алған.
Аягөз ауданында кешеден бері төтенше жағдай жарияланған. Облыстың таулы аудандарында көшкін жүру қаупі басым.
Төтенше жағдай қызметі мен облыстық коммуналдық қызмет, жергілікті билік елді мекендерден суды сорғызып шығарып, құм толтырылған қаптардан бөгет жасап жатыр.
Ресми мәлімет бойынша, тасқын су зардаптарын жоюға 1 мыңнан астам адам, 286 техника, ондаған жүзу құралдары мен су соратын құрылғылар тартылған.
Шығыс Қазақстан облысында өткен апта соңында бір тәулік ішінде бір айлық нормалы жаңбыр жауып, ондаған елді мекенді су басқан.