Қазақстанда екпеден бас тартқан ата-аналар саны 13- мыңға жуықтады деп мәлімдеді наурыздың 16-сы күні Шымкентте өткен жиында Денсаулық сақтау министрлігінің бас сарапшысы Нұршай Әзімбаева.
Нұршай Әзімбаеваның сөзінше, екпеден бас тартқан ата-аналар саны жылдан жылға артып келеді.
- Мысалы, 2016 жылы бас тартқандар саны он мыңға жетпейтін болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 13 мыңға жақындады. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында бас тартқандар саны 1231. Қазақстанда екпеден бас тартқан ата-аналардың көбі Оңтүстік Қазақстан облысы, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген, - дейді ол.
Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Жұмағұл Медетовтің айтуынша, облыста ата-аналары екпеден бас тартқан балалардың көбі 2-5 жас аралығында. Бас тартқандардың 64 пайызының ата-анасы "түрлі діни ағым ықпалына" түскен
Медетовтің сөзін облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының өкілі Дәурет Баққараев та растады.
- Түрлі діни ағымға түсіп, екпеден бас тартатындардың басым бөлігі деструктивті діни ағымдардың өкілдері, - деді ол жиында.