Telegram бізге жазылыңыз
ЖАҢАЛЫҚТАР
Путин президент сайлауына дауыс берді

Ресей президенттігіне кандидат әрі қазір мемлекетті басқарып отырған Владимир Путин жексенбі күні президент сайлауына дауыс берді деп хабарлайды "Интерфакс". Путин өткен жылдардағы әдетінен жаңылмай, бұл жолы да Ресей ғылым академиясы ғимаратындағы сайлау учаскесінде дауыс берген.
Сайлау бюлеттенін жәшікке салған соң Путин осы сайлауда ұсынған бағдарламасының дұрыстығына сенімді екенін және президент міндетін атқаруына мүмкіндік беретін дауыс саны қанша болса да көңілі толатынын айтқан. Бұған дейін Кремль президент сайлауында "негізгі кандидатқа" сайлаушылардың 70 пайызы қолдау білдіреді деп үміттенетіні туралы хабарланған.
Бүгін бүкіл Ресей аумағында – Қиыр Шығыстан бастап Калининградқа дейінгі аралықта ашылған сайлау учаскелерінде, сонымен бірге шетелдерде ұйымдастырылған сайлау учаскелерінде Ресей азаматтары президент сайлауына дауыс беріп жатыр. Билік сайлаушылардың дауыс беруге белсенді қатысып жатқаны туралы мәлімдеген.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Камчаткада жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-ге қарай сайлаушылардың 63 пайызы, Чукоткада – 76 пайызы дауыс берген. Тәуелсіз бақылаушылар дауыс беру барысында бұрмалаушылықтарды тіркеген. Мысалы, сайлау учаскелерінде бейнекамералардың сайлау жәшігінен тым алыс орналастырылғаны, сайлаушылар тізіміне қайтыс болған кісілердің аты-жөні енгізілгені және бюджет қызметкерлерін дауыс беру үшін сайлау учаскелеріне ұйымдастырып әкеп жатқаны туралы хабарлаған.
Бұл жолғы Ресей президенті сайлауына қазір осы қызметте отырған Владимир Путинмен бірге Сергей Бабурин ("Российский общенародный союз" партиясынан), Павел Грудинин (Ресей Федерациясы коммунистік партиясынан), Владимир Жириновский (Ресей либерал-демократиялық партиясынан), Ксения Собчак ("Гражданская инициатива" партиясынан), Максим Сурайкин ("Коммунисты России" партиясынан), Борис Титов ("Партия роста" саяси ұйымынан) және Григорий Явлинский ("Яблоко" партиясынан) түсіп жатыр.
Басқа да жаңалықтар
Мәскеу түбінде көлік жарылды. Ресейлік генерал қаза болғаны хабарланды

Мәскеу түбіндегі Балашиха қаласында 25 сәуір таңертең көлік жарылды. Бұл жөнінде Baza және өзге де телеграм-арналары хабарлады. Кемінде бір адам қаза болғаны белгілі. Телеграм-арналардың жазуынша, Ресей қарулы күштерінің генералы Ярослав Москалик опат болған.
Ресей тергеу комитеті генерал Москаликтің қазасын растады. Ведомство хабарламасында ол Ресей қарулы күштерінің бас жедел басқармасы төрағасының орынбасары болғаны жазылған. Оның генерал-лейтенант атағы болған.
Комитет өкілдері Балашихадағы көліктің жарылуына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу мәліметінше, құрылғының қуаттылығы тротил эквивалентімен алғанда 300 грамнан астам жарылғыш зат болған. Адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Әдетте мұндай істерді терактіге балайды.
Көліктің жарылған сәті видеоға түсіп қалған.
Дереккөзге сүйенген Baza көліктің жанынан бір ер адам өтіп жатқан кезде жарылыс болғанын жазды. Ол қаза болған.
Генерал Москаликтің аты-жөні 2021 жылы ТАСС агенттігінің хабарламаларында аталған.
Журналист Олег Кашиннің айтуынша, 2015 жылы Москалик Ресей мен Украина арасында норман форматындағы келіссөздерге қатысқан. Ол 2019 жылы Владимир Зеленский қатысқан осы форматтағы ең соңғы келіссөзге де қатысқан. Москалик сонымен бірге 2018 жылы Сирияның сол кездегі президенті Башар Асадпен келіссөздерге де араласқан. Оның Украинадағы соғысқа қатысқаны-қатыспағаны белгісіз.
ЧТД телеграм-арнасының жазуынша, генерал Москалик ресми түрде Мәскеуде тіркелгенмен жарылыс болған Балашихадағы Нестеров гүлзарында тұрған.
Кей ақпаратқа қарағанда, көлік ішінде тағы бір адам болған, ол да қаза болған. Бұл ақпарат әзірге расталмады.
2024 жылы желтоқсанда Мәскеуде өз үйінің подъезінде жарылыстың салдарынан Ресей қарулы күштерінің радиация, химия және биологиялық қорғау әскерінің бастығы генерал Игорь Кириллов мерт болған еді. Украина арнайы қызметіндегі дереккөздер сол кезде бұл олардың операциясы екенін мәлімдеген. Украина жағы генерал Москаликтің ықтимал қазасына қатысты түсініктеме берген жоқ.
Ресейлік БАҚ Қырғызстанда "тұрғындарды соғысқа тарту ісі" аясында саяси технолог ұсталғанын хабарлады

Қырғызстанда "жалдамалыларды соғысқа тарту ісі" аясында Виктор Васильев ұсталды деп хабарлады ресейлік БАҚ. Зерттеушілердің сөзінше, Васильевтің телеграм-арнасы "ЧВК Вагнердің" негізін қалаған Евгений Пригожиннің "арналар желісінің" бір бөлігі болған. Васильевтің өзі Ресей әскери барлау қызметіне қатысы болуы мүмкін.
Қырғызстанда "жалдамыларды соғысқа тарту ісі" бойынша төрт адам ұсталған. Азаттықтың Қырғыз қызметі екеуінің аты-жөнін анықтаған еді – Оштағы "Орыс үйі" бөлімшесінің қызметкері Наталья Секерина және Ош мэриясының баспасөз қызметінің өкілі Сергей Лапушкин. Қалған екеуінің аты-жөні белгісіз болып келген. Тек аты-жөндерінің бастапқы әріптері ғана белгілі болған: C.В.Т және В.В.А.
Дегенмен дереккөздерге сүйенген EADaily басылымы ұсталған үшінші адам – "Улыбаемся и машем" телеграм-арнасының авторы Виктор Васильев екенін жазды. "Комсомольская правда" газетінің тілшісі Эдвард Чесноков та Васильевтің ұсталғанын хабарлады. Ол Васильевті "африканист" және "саясаттанушы" деп атады. Regnum-ның жазуынша, ол агенттіктің шолаушысы болған.
Қырғызстан билігі Васильевтің ұсталғаны туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді.
Виктор Александрович Васильевтің аты-жөні "Досье" жобасының бірнеше зерттеулерінде аталады. 2018 жылға дейін оның тегі Луковенко болған. Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі "Русский вердикт" белсендісі болған. 2011 жылы "Орыс маршы" өткен күні 58 жастағы шетел азаматын өлтіргені үшін қатаң режимдегі түрмеге кесілген. Бес жылдан соң Луковенко шартты түрде босап шығады.
The Insider мәліметінше, түрмеден босап шыққан Васильев–Луковенко Африкада "пайда болады", 2019 жылдан бері "Улыбаемся и машем" телеграм-арнасын жүргізе бастаған. Журналистердің сөзінше, бұл арна Пригожин бірнеше жыл бойы құрған "арналар желісінің" бір бөлігі болған.
Васильев-Луковенко сонымен бірге Ресей қарулы күштеріне қарасты бас барлау басқармасы жетекшілік еткен "Русско-украинская радикальная инициатива" жобасының негізін қалаған. Осы жоба аясында бірнеше "украиншыл арналар" құрылған. Олардың ең ірілері – iній және iнша країна. Алғашқысы "халыққа қару-жарақ тарақаннан кейін бейбіт украин азаматтарының өлімі" туралы жаңалық тартып, жерді қорғауды, Украина қарулы күштерін сынаған. "Осының барлығы украиндардың моральдық рухын сындыру үшін жасалған" деп жазды "Досье".
Шыңжаң бойынша сарапшы өзін Қазақстанға кіргізбей қойғанын хабарлады

Қытайдың Шыңжаң аймағындағы түркітілді мұсылмандардың қудалануын зерттеп жүрген даниялық сарапшы Рун Стинберг өзін Қазақстан аумағына кіргізбей қойғанын мәлімдеді. Оқиға осы айда бұдан сәл ертерек болған.
Стинберг бұған дейін Қазақстанда талай рет болып, Шыңжаңдағы қуғын туралы деректі фильмі үшін Алматыда Қытайда тұрған қазақтардан сұхбат алған еді.
Алайда 12 сәуірде кешке ол Қордайдағы "Ақ жол" өткізу пунктінен Қазақстан жаққа қарай өте алмаған.
"Қырғыз жағының өткізу пунктінен ойдағыдай өттім. Қазақстан жағына жеткенде менің төлқұжатымды тартып алып, өзімді суретке түсірді. Олар әдеттегідей штамп қояды деп ойлаған едім. Мен бұл жерден талай рет өткенмін және соңғы рет қаңтарда болған едім. Бірақ шекарашылар экранға қарады да, әріптесімен сөйлесті де, маған кіруге тыйым салынғанын айтты. Себебін сұрап едім, басқа ақпарат жоқ деді. Бұл менің Қытай бойынша жүргізген зерттеулеріммен байланысты деп ойлаймын" деді Рун Стинберг Азат Еуропа/Азаттық радиосына.
25 сәуірде Азаттық тілшісі Қазақстан ҰҚК-нің баспасөз қызметіне хабарласқан. Комитеттің баспасөз қызметінің өкілі Майгүл Айнабекова "бұл бойынша ақпарат жоқ, ресми сауал жолдаңыз" деп қысқа қайырды.
Стинберг Чехияның Оломоуц қаласындағы Палацк университетіне қатысты бар зерттеуші. Кейінгі жылы ол Орталық Азиядағы Америка университетінде сабақ беріп, ғылыми зерттеулермен айналысқан. Ол – Еуропаның бірнеше университеті қатысатын халықаралық Remote Ethnography of Xinjiang Uyghur Autonomous Region (Шыңжаң ұйғыр автономия өлкесінің қашықтағы этнографиясы) зерттеу жобасы жетекшілерінің бірі. Жобаның сайтындағы мәліметке қарағанда, ол "жергілікті аумақтағы дала жұмыстарына жүгінбей-ақ, қолда бар дереккөздерге сүйене отырып, аймақтағы соңғы онжылдықтағы жағдай мен оқиғаларды зерттеу үшін қашықтағы этнография әдістерін" пайдаланады.
Стинбергтің сөзінше, ол шамамен 1,5 жыл бұрын Алматыдағы Қытай консулдығы алдында Шыңжаңда қамалған туыстарын босатуды талап еткен наразылардың акциясын түсірген кезде құжаттарын полиция тексерген.
2021 жылы қыркүйекте Қазақстан Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесін қозғап жүрген өзге зерттеуші, "Шыңжаң құрандары" (Xinjiang Victims) дерекқорының үйлестірушісі Джин Бунинді елге кіргізбеген еді.
"Мәскеудегі алаңда өзбекше жазу пайда болса, ойланамыз" Өзбек депутаты Лавровтың ескертуіне жауап берді

Өзбекстан парламентінің депутаты Одилжон Тожиев Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың тіл туралы ескертпесіне жауап берді.
Сәуірдің 22-23-і күндері Өзбекстанда ресми сапармен болған Лавров Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған ескерткіштердің біріне "орысша жазу қажеттігін" мәлімдеген еді. Оның бұл сөзі қызу талқыланды.
"Шет тілін жасанды түрде таңу сүйіспеншілік емес, қарама-қайшы көзқарас тудырады. Оның үстіне күштеп құрметтете алмайсың, ол өзінен-өзі келеді. Егер Мәскеудің бас алаңында өзбек тілінде жазу пайда болса, бәлкім, сол кезде ойланып көрерміз" деді өзбек депутаты Одилжон Тожиев.
Самарқанда "Азалы ана" мемориалында "Сен әрқашан менің жүрегімдесің" деген сөз өзбек және ағылшын тілдерінде (You are always in our heart, my dear) жазылған.
Өзбекстанда ресми сапармен болған Лавров сол мемориалда неге орысша жазу жоқ екенін сұраған. Оның сөзінен Азаттықтың Өзбек қызметі мысал келтіреді.
"Ағылшындар мұнда қалай келген? Қараймын, ағылшынша жазу", – деді Лавров экскурсия жетекшісіне қайырылып.
"Мұнда барлық тілде жазылған. Туризм қаласы" деді экскурсия жетекшісі.
"Орысшасын көріп тұрған жоқпын" деді Лавров.
Лавровтың жанында тұрған Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиер Саидов әңгімеге араласқан жоқ.
Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Лавровтың "Азалы ана" монументіндегі "наразылығына" қатысты түсініктеме берген жоқ деп жазды басылым.
Өзбекстанда тіл мәселесі ара-тұра көтеріліп тұрады. Өзбекстан Конституциясы өзбек тілін мемлекеттік тіл деп таниды, бірақ орыс тіліне ешқандай мәртебе бермейді. Бірақ Өзбекстан Конституциясы орыс тілінің дамуы мен еркін қолданылуына кепілдік береді.
Бұған дейін өзбек тілін қорғаған ректор Кремльдің "қаһарына ілінген". Шерзодхон Қудратқожа ақпарат құралына берген сұхбатында мемлекеттік тілді білмейтін өзбектер туралы айтқан кезде Карл Маркстың сөзінен үзінді келтіріп, өзі тұратын елдің тілін білмеген адам не оккупант немесе ақымақ деп айтқан еді.
Өзбекстан парламенті төрағасының орынбасары, «Миллий тикланиш» партиясының жетекшісі Әлішер Қадыров орыс тілін білім беруде, теледидарда және басқа да салаларда қолдану мәселесін қайта қарауды ұсынған. Мұндай мәлімдемелерді ресейлік БАҚ сынаған.
Самарқандағы келіссөз нәтижесінде Өзбекстан және Ресей сыртқы істер министрлері бірқатар мәлімдеме жасаған. Ресейлік ақпарат агенттіктерінің жазуынша, өз мәлімдемесінде Лавров Мәскеу "Мәскеу Еуроодақтың Орталық Азияда үстем жағдайға жету талпыныстарына қарсы екенін" жеткізген.
Ресеймен өзін алшақ ұстауға тырысқан Ислам Каримовқа қарағанда Шавкат Мирзиев билікке келгеннен кейін Мәскеуге жақындау бойынша бірқатар қадам жасаған. Ол Ташкентте "Жеңіс саябағын" ашып, советтік символикаларды қайтарған.
БҰҰ: Беларусьте 2020 жылдан бері ондаған билік сыншысын күштеп психиатрия емханасына жатқызған

Беларусьте 2020 жылдан бері кемінде 33 адамды билікпен келіспегені үшін күштеп психиатрия емханасына жатқызған. Бұл жөнінде БҰҰ Адам құқығы сарапшыларының үндеуіне сүйенген Настоящее время жазды.
Үндеу авторларының мәліметінше, 33 адамның 8-і босатылған. Кемінде 25 адаммен байланыс мүлде үзілген. Қазіргі кезде олардың тағдыры белгісіз.
Сарапшылар Беларусь билігін оларды дереу адвокатпен және тиімді құқықтық тетіктермен қамтамасыз етуге шақырды. Осылайша оларға бостандықты айыру туралы шешімді даулауға мүмкіндік беруге үндеді.
Үндеуде психдиспансерде күштеп емдеу адамдыққа жатпайтыны немесе адамның ар-намысын қорғаумен пара-пар екені жазылған. Бұған қоса, мұндай емдеу адамның пікір еркіндігіне де қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді, себебі дәрі-дәрмек пен электр разрядтары адамның ақыл-ой қабілетін әлсіретуі ықтимал.
Беларусьте 2020 жылғы президент сайлауының нәтижесі авторитар басшы Александр Лукашенкоға қарсы наразылықты өршіткен. Билік наразылықты жаппай күштеп басып-жаншыды, нәтижесінде мыңдаған адам түрмеге қамалды. Қудалау әлі күнге дейін жүріп жатыр. "Весна" құқық қорғау орталығының мәліметінше, 2020 жылдан бері наразылыққа қатыстаны үшін кемінде 3277 адам сотталған.
Тоқаев жекелеген құқық қорғаушылар мен журналистерді айыптады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясы сессиясында жекелеген құқық қорғаушылар мен журналистерді "арандатумен айналысады" деп айыптады.
"Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті" деді Тоқаев.
Олар осылайша "шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр" деді.
"Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн" деп бір тоқтады.
Ол жақында “шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері” де әшкереленгенін айтты, бірақ нақты ұйымның атын айтпады.
Тоқаев сонымен бірге "күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар" туралы да айтты.
"Ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ" деді ол.
Ол бейсенбі күні сөзінің басында Қазақстан халқы ассамблеясын “этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз институт” деп атап, 1995 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын атап өтті.
Қазақстан халқы ассамблеясы 1995 жылы 1 наурызда құрылған. Оның мақсаты – "этностар арасындағы келісімді әрі қарай нығайту" деп айтылады. Бірақ кейбір сарапшылар аталған институт сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың "өкілетін ұзартуды заңдастыру үшін" керек болды деп санайды.
Журналист Серғазы Мұхтарбек қайтыс болды

64 жасына қараған шағында журналист, қоғам белсендісі Серғазы Мұхтарбек қайтыс болды. Бұл жөнінде жазушы, журналист Жүсіпбек Қорғасбек желідегі парақшасында хабарлады.
"Тәуелсіздік пен демократияның құндылықтары үшін арыстандай алысып, қарпысып-шарпысып жүріп, Алтынбек бәріміздің досымыз, алғадай курстың серкесі Серғазы Мұхтарбек те дүниеден озды" деп жазды ол.
Серғазы Мұхтарбек 1961 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Ол елдегі республикалық "Қазақстан" газетінің бас редакторы болған.
Замандастары оны елдегі тәуелсіз журналистика мен оппозициялық газет шығару ісіне сүбелі үлес қосқан қайраткер ретінде сипаттайды. Оның жеке құрылтайшылығымен шыққан "Қазақстан" газеті кезінде елдегі қоғамдық-саяси мәселелерді қозғаған таралымы мол басылым болған.
Серғазы Мұхтарбеков көзі тірісінде елдегі маңызды саяси оқиғаларға пікір-көзқарастарын мейлінше ашық білдіріп, қатысқан. Мысалы, ол былтыр АЭС бойынша референдум қарсаңында атом станциясы құрылысына қарсы шыққан белсенділердің ұсталғанын сынаған.
Ресей Башар Асадты Сирияға беруден бас тартқан

Ресей Дамаскінің Башар Асадты беру туралы ұсынысын қабылдамады деп мәлімдеді Сирияның уақытша президенті Ахмед әш-Шараа The New York Times басылымына берген сұхбатында.
Оның сөзінше, мұндай ұсыныс Ресей билігіне қаңтар айында берілген. Мәскеудің ұсынысты кері қаққанына қарамастан Сирия әкімшілігі Ресеймен қарым-қатынасты үзбеуге бейіл деп жазды басылым.
"Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі. Сирияның қаруы тұтас ресейлік. Сирия ұзақ жылдардан бері пайдаланып келе жатқан азық-түлік және энергия тасымалдау бойынша көп келісім бар. Сирияның осы мүдделерін ескеруіміз керек" деп басылым әш-Шарааның сөзінен үзінді келтіреді.
Сирияны ұзақ уақыт билеп-төстеген Башар Асадтың режимі былтыр желтоқсанда құлағаннан кейін, елде билік басына "Хайят Тахрир әш-Шам" тобы келді. Башар Асад отбасымен бірге Ресейге қашып кетіп, сол елден баспана алды.
Астана тұрғыны "терроризмді насихаттағаны үшін" жеті жыл түрмеге кесілді

Астанада Telegram арқылы терроризмді насихаттады деп айыпталған әйел жеті жыл түрмеге кесілді деп хабарлады қалалық прокуратураның баспасөз қызметі. Хабарламада сотталушы әйелдің Сириядағы террористік топтардың ісіне қатысу үшін сол жаққа кетуге оқталғаны жазылған.
"Басты сот талқылауы кезінде сотталушы Telegram-тағы топтық чатта діни себептермен қарулы қақтығыстар туралы оң пікір айтқаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған екі қызын лаңкестік топ мүшелеріне күйеуге беру үшін Сирияға баруды талқылағаны анықталды" деп жазылған прокуратура хабарламасында.
Сотталушы әйел Түркия арқылы Сирияға ұшуға дайындалған кезде Алматы әуежайы аумағында ұсталған деп айтылады.
Хабарламада сотталушының тағылған айыптарды мойындағаны-мойындамағаны айтылмаған.
Қазақстанда Сириядағы террористік топтарға қатысы бар деп күдікке ілінгендердің үкімдері жиіледі. Сәуірдің басында Жезқазған қалалық соты "терроризмді насихаттады" деп айыпталған әйелді жеті жылға бас бостандығынан айырған. Сот мәліметінше, сотталушы 2017-2018 жылдары Сирия аумағында жүріп, мессенжер арқылы Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында тұратын жақынына радикалды діни материалдап жіберіп, осылайша терроризмді насихаттаған.
Қазақстан заңнамасы азаматтарына шетелдегі қақтығыстарға қатысуға тыйым салады. Бұған дейін ДАИШ террористік ұйымына қатысы болған Сирия мен Ирактан оралған қазақстандықтардың көбі елге оралғаннан кейін сотталған еді.
Трамп Зеленскийді бейбітшілік келіссөзіне кедергі жасады деп айыптады

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскийді Украинадағы соғысты аяқтау бойынша Ресеймен келіссөзге кедергі жасады деп айыптады.
"Украина президенті Владимир Зеленский The Wall Street Journal басылымына "Украина Қырым оккупациясын ешқашан мойындамайды. Мұнда айтатын да ештеңе жоқ" деп мәлімдеді. Мұндай мәлімдеме Ресеймен бейбіт келіссөзге кедергі келтіреді, себебі [Украина] Қырымнан көп жыл бұрын Обама президенттігі тұсында айырылған еді және қазір бұл талқыланбайды да. Ешкім Зеленскийден Қырымды Ресей жері деп тануды сұрап тұрған жоқ, бірақ ол оны қайтарғысы келсе, Украина ол үшін 11 жыл бұрын – Ресей оны бірде-бір оқ атпай алған кезде неге күреспеді? Оның үстіне Қырымда баяғыдан бері маңызды ресейлік әскери базалар бар" деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Трамптың пікірінше, "бейбітшілік келісімнің жасалуына аз уақыт қалды" және "қолында көзірі жоқ" Зеленский мұны түсінуі керек, әйтпесе "тұтас елден айырылайын" деп тұр. Оның пікірінше, Зеленскийдің мәлімдемелері Украинадағы соғысты "тек ұзартады".
Сейсенбі күні АҚШ-тың Киевтен Қырымды Ресей жері деп тануды талап ететіні жөнінде ақпарат құралдарында хабар пайда болған кезде сұрақтарға жауап берген Украина басшысы Владимир Зеленский "Украина ешқашан Ресейдің Қырымға құзыретін мойындамайды" деп айтқан еді. Зеленскийдің сөзінше, Қырым мен Ресей басып алған өзге жерлердің мәртебесін талқылау соғысты созбалақтатып жібереді.
Стамбұлда қуатты зілзаладан 150-ден астам адам зардап шекті

Сәрсенбі күні Стамбұлда болған 6,2 магнитудалы жер сілкінісінен 150-ден астам адам зардап шекті. Бұл жөнінде BBC-дің Орыс қызметі жазды.
Ресми мәлімет бойынша, жер сілкінісінің ошағы Стамбұлдың батысынан 80 шақырым жерде Мәрмәр теңізінде орналасқан.
23 сәуірде бірінші жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 12:13-те тіркелген. Оның магнитудасы 3,9 болған. Бұдан кейін 6,2 магнитудалы қуатты зілзала сағат 12:49-да болған. Оның тербелісі көрші қалаларда – ел астанасы Анкарада, Болгария астанасы Софияда сезілген. Әлеуметтік желіде халықтың ғимараттардан жүгіріп шығып, далада жүргені, кейін ішке кіруге қорқып жүргені жөнінде видеолар тарады.
Билік кешке қарай бір тәулікте 180-нен астам афтершок болғанын хабарлады. Кейбірінің магнитудасы 5,9-ға дейін барған.
Стамбұл губернаторы кеңсесінің мәліметінше, кемінде 151 адам жарақаттанған. Көбі қорқып, биік ғимараттардан секіріп кеткен. Олардың өміріне қауіп жоғы айтылды.
Қазақстан СІМ Түркияда жүрген қазақстандықтардан шағым-өтініш түспегенін хабарлады.
Аштық жариялаған Марат Жыланбаев құзырлы орындарға арыздана алмай отыр

Марафоншы, «Алға, Қазақстан» тіркелмеген оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев түрмеден құқық қорғау орындарына жазған арыздарын жібере алмай отыр. Оған хат‑ хабар да берілмейді.
23 сәуірде Марат Жыланбаевтың әйелі Азаттыққа хабарласып, аштық жариялап отырған марафоншының құқық қорғау орындарына не арыз жолдай алмай, не пошта ала алмай отырғанын айтты.
- Марат бүгін қоңырау шалды. Ол құқықтары сақталмай отырғаны туралы арыздарын тиісті органдарға жібере алмай отыр. Оған пошта да келмейді. Оның аштық жариялап отырғанына 29 күн болды, - деп хабарлады оның әйелі.
Оның айтқанын адвокаты Мейіржан Досқараев та растады. Адвокат және Жыланбаевтың бір топ жақтасы 21 сәуірде Степногорскіге барған. Досқараев өзін түрме қызметкерінің Жыланбаевпен кездесіп шыққан соң тінтіп, оның айтқан шағымдарын жазып алған қағазын тартып алуға тырысқанын айтты.
- №4 мекеменің жедел уәкілі Марат Зәлелов Жыланбаевпен кездесіп шыққан соң мені тінтіп, қолымдағы қағаздарымды алып қоймақ болды. Арпалыс болды. Маған «акті толтырамын, сен енді бұл жерден ешқандай шағым алып шықпайсың» деп қоқан-лоқы көрсетті. Түрме бастығы орынында жоқ деп мені қабылдамады. Степногорск прокуратурасына мекеме қызметкерінің үстінен менің адвокаттық қызметіме кедергі келтіру туралы шағым түсіріп кеттім, - дейді Досқараев.
Оның сөзінше, сенбі сайын болатын себіл қабылдауға кеткенде Жыланбаевтың бөлмесіндегі ақ қағаздары мен жазған арыздары жоғалып кеткен.
– Мен апарып берген қағаздарға арыздарын жазғанмен оны сыртқа шығартпайды,- деді ол.
Азаттық Степногорскідегі №4 мекеменің бастығы Қанат Тұлақовқа бірнеше мәрте қоңырау шалды. Хатшысы «бастықтардың барлығы да зонада жүр» деп қоспады.
Бұл 61-жастағы Жыланбаевтың түрмеде отырып ондағы жағдай мен сот үкіміне қарсы жариялап отырған сегізінші аштығы. Оны тәртіптік изоляторға да қамаған.
2023 жылы қарашада Астана соты Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев айыптың бәрін жоққа шығарып, істің "саяси астары бар" деп мәлімдеген.
Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді. Былтыр халықаралық Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымы түрмеде отырған танымал марафоншы, белсенді Марат Жыланбаевтың ісін БҰҰ сарапшылары мен күштеп ұстау бойынша жұмыс тобына жолдаған. Ұйым Жыланбаевтың негізгі құқықтары бұзылғанын атап өтіп, Қазақстан билігін оны босатуға шақырған.
Министрлік БҚО-да құлаған дрондарды Украинадағы соғыспен байланыстырады

Қазақстан қорғаныс министрлігі Батыс Қазақстан аумағына құлаған дрондарды Ресей-Украина соғысымен байланыстырады. Жергілікті "За нами выехали" телеграм-арнасына жіберген жазбаша жауапта ведомство солай деп жазған.
“Қазіргі халықаралық жағдайды ескерсек, Қазақстан аумағында дронның пайда болуының ең ықтимал себебі олардың Ресей-Украина қақтығысында пайдаланылуы. Осыған ұқсас жайттар Румыния, Молдова, Беларусь, Болгария, Польша, Хорватияда болған. Аталған аппарат тиесілі болуы мүмкін шетел әріптестермен кеңес жүргізіп жатырмыз” деп жазған қорғаныс министрлігі телеграм-арнаға берген ресми жауапта.
Ведомствоның хабарлауынша, “дрондардың ұшу бағытын өзгерту мақсатында техникалық араласу нұсқасы” қарастырылып жатыр.
Министрліктің айтуынша, БҚО-да табылған төрт дронға қатысты қозғалған төрт іс бір өндіріске біріктірілген. Тергеуді ІІМ әскери-тергеу департаменті қорғаныс саласы мамандарымен бірігіп жүргізіп жатыр. Іс "Ұшу ережесін немесе оған дайындықты бұзу" бабы бойынша тергеліп жатыр.
Ведомствоның айтуынша, құлаған дроннан ешкім зардап шекпеген, материалдық шығын да келмеген.
Қорғаныс министрлігінің хабарлуынша, Қазақстанның әуе қорғаныс жүйесі штаттық жағдайда істеп тұр және жауап беру алгоритмін қатаң сақтайды.
Министрлік сонымен бірге елдің әуе кеңістігін бақылауды күшейту және әуе нысандарының елге рұқсатсыз кіруіне жол бермеу бойынша қосымша шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.
Ақпан айынан бері Батыс Қазақстан облысының түрлі аумақтарынан төрт дрон табылған еді.
18 ақпанда Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылының маңына ұшатын аппарат құлаған.
18 наурызда тағы бір дрон Тасқала ауданы аумағына құлағанын Атамекен ауылының тұрғындары хабарлаған. Заттың ұзындығы – 300 см.
24 наурызда Жанібек ауданы аумағынан дрон бөлшектеріне ұқсас заттар табылған. Екі күннен кейін Жәнібек ауданынан тағы дронға ұқсас аппарат табылды.
BES.media басылымы Ұялыда табылған дронның пішіні Ресейдің "Орлан-10" дронына ұқсас деп жазды. "Рособоронэкспорт" сайтының мәліметінше, мұндай дрон жер мен су бетін қашықтан бақылауға, GSM базалық станциялары мен ұялы байланыс желілерін анықтауға арналған.
Батыс Қазақстан облысы аумағынан 18 ақпан мен 18 наурызда табылған дронға ұқсайтын екі заттың фотолары әлеуметтік желіде жарияланған.
Қазақстанның Ресеймен шекаралас аудандарында бұрын әскери зымыран қалдықтары бірнеше рет табылған. Ресейдің Астрахан облысында Капустин Яр әскери полигоны орналасқан. 2018 жылы жазда Батыс Қазақстан өңіріне құлаған зат сол полигоннан ұшырылған зымыранның бөлшегі екені анықталған.
Қырғызстанда Украинадағы соғысқа тарту ісі аясында "Орыс үйі" қызметкері ұсталды

Қырғызстанда Украинадағы соғысқа тарту ісі аясында “Орыс үйінің” қызметкері Наталья Секерина ұсталды. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі жазды.
Бұған дейін бұл іс бойынша Ош әкімшілігінің қызметкері де ұсталған деп хабарлады Қырғызстан ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК).
Бішкектің Бірінші май аудандық сотының мәліметінше, С.Н.В есімді азаматқа қатысты бұлтартпас шарасын таңдау соты 19 сәуірде өткен. Сот оны 19 маусымға дейін қамау туралы шешім шығарған. Оған 416-баптың 1-бөлігі бойынша (Жалдамалыны соғысқа тарту) айып тағылған.
Наталья Секеринаның Facebook-тағы парақшаларында 2024 жылы түсірілген бірнеше материал мен видео жарияланған. Ол сол кезде "Орыс үйінің" Оштағы бөлімшесінде істеген.
Наталья Секеринаның күйеуі түсініктеме беруден бас тартты. Ол өзінің заңгерімен кеңескеннен кейін жауап беретінін жеткізген, бірақ сол күйі журналистерге шықпады.
ҰҚМК да тергеу мен ұстаудың жай-жапсарын хабарламады.
Секерина мен Лапушкиннен бөлек тағы екі адам күдікті ретінде ұсталған. Бірінші май аудандық соты оларды да 17 маусымға дейін қамады. Бірақ аты-жөндері белгісіз.
Бұған дейін Ресей әскері қатарында соғысқан үш қырғыз азаматының ісі қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.
Солардың бірі, Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін сотталған Асқар Кубанычбекұлы Қырғызстанда жеті жылға сотталып, ізінше пробациялық бақылаумен босап шығып, Ресейге қайта кеткен. Сол жақта Ресей қорғаныс министрлігімен қайта келісімшартқа отырған деп айтылады.
Зеленский: Киев Ресейдің Қырымға құзыретін ешқашан мойындамайды

Киев Ресейдің Қырымға құзыретін ешқашан мойындамайды. Лондонда тараптардың келіссөз қарсаңында Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді.
"Бұл біздің жер, Украина халқының жері. Бұл жерде айтатын да ештеңе жоқ – бұл Конституциямызға қайшы" деді Зеленский.
Зеленскийдің сөзінше, Қырым мен Ресей басып алған өзге аумақтардың мәртебесін талқылау әншейін соғысты созбалақтатып жібереді.
Бұған дейін The Washington Post дереккөздері 23 сәуір күні Лондондағы келіссөз кезінде АҚШ Украинаға "Қырымды Ресей жері деп тану және соғысты қазіргі майдан сызығында тоқтату туралы" ұсыныс айтады деп жазған. Бұл жөнінде өткен аптада Bloomberg және The Wall Street Journal дереккөздері де айтқан.
Зеленскийдің сөзінше, қазір Ресей әскерінің бақылауындағы Запорожье атом электр станциясының операторы тек Украина болады. Бұған дейін ақпарат құралдары АҚШ атом станциясын өз бақылауына алуды ұсынғанын жазған.
Зеленскийдің айтуынша, АҚШ Запорожье атом станциясында Украинасыз істей алмайды.
"Егер АҚШ-пен бірігіп, атом станциясын қалпына келтіріп, бірге электр энергиясынан ақша тапсақ - бұл қалыпты оқиға болады" деді ол.
23 сәуір Лондондағы келіссөзге Украина, Ұлыбритания, Германия, Франция, АҚШ өкілдері қатысады. Ақпаратқа қарағанда, Лондондағы келіссөзге АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио емес, президент Дональд Трамптың арнайы уәкілі Кит Келлог барады.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Ресей мен Украина жақын арада бітімге келетін шығар деп үміт білдірген.
ПІКІРЛЕР