Accessibility links

Апелляция соты Ерімбетовті қамаудан босатпады


Ескендір Ерімбетов, қамаудағы бизнесмен.
Ескендір Ерімбетов, қамаудағы бизнесмен.

Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы 46 жастағы бизнесмен Ескендір Ерімбетовтің алғашқы сот инстанциясының қаулысына берген шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Сот сонымен қатар Алматының Медеу аудандық сотының 6 наурызда Ерімбетовті қамау мерзімін 13 мамырға дейін ұзарту туралы қаулысын күшінде қалдырды. 19 наурызда өткен сот отырысына абақтыда отырған Ерімбетов қатыстырылмады. Сотта оның құқығын адвокат Жанар Балғабаева мен әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Мырзахан Ерімбетов қорғады.

Жанар Балғабаева Ескендір Ерімбетовті қамауан кепілге босату немесе үйқамаққа шығару туралы өтінішіне дәлелдерін келтірді. Мырзахан Ерімбетов сотта абақтыда ұлының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емесін айтты. Ол сонымен қатар Ескендір Ерімбетовтің ауыратынын және абақтыда оған тиісті медициналық көмек көрсету мүмкін емесін жеткізді.

Апелляциялық сотта прокурор алғашқы сот инстанциясының Ерімбетовті қамау мерзімін екі айға ұзарту туралы шешімінің негізі барын мәлімдеді. Прокурор апелляциялық соттан Ерімбетов пен оның қорғаушыларының бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішін орындамауды сұрады.

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі былтыр 13 қарашада тұтқындалған. Тергеу дерегінше, олар БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовқа сырт елдерге шығарған қаражатының ізін жасыруға көмектескен. Туыстары Ерімбетовті кезінде Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтарып, одан Әблязовке қарсы жауап алу үшін қуғындап отыр деп санайды.

15 қарашада тергеу соты күдіктіні екі ай қамауға санкция беріп, ол Алматы ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына жабылған. 9 қаңтарда сот оны қамау мерзімін екі айға (13 наурыз) ұзартқан. 19 қаңтарда Алматы қаласының апелляциялық соты Ескендір Ерімбетовті қамау туралы шешім "заңды" деген.

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 24 қаңтарда 46 жастағы Ескендір Ерімбетовтің туыстарының оны тергеу абақтысында "азаптап жатыр" деген мәлімдемелерін жоққа шығарған.

Оқи отырыңыз: Азаптау шағымы "Ерімбетов ісінің" сипатын өзгертті

Ерімбетовтің туыстары "абақтыда оны азаптап, қысым көрсетті" деп мәлімдеген. Билік Ерімбетовке қысым жасау шағымы бойынша іс қозғағанымен, кейін "қылмыс құрамы жоқ" деп істі жапқан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG