Accessibility links

Facebook қолданушы алдында кінәлі екенін мойындады


Марк Цукерберг
Марк Цукерберг

Facebook компаниясы негізін қалаушы әрі басшысы Марк Цукерберг әлеуметтік желідегі 50 миллион қолданушының жеке мәліметтерін Cambridge Analytica компаниясының заңсыз жинауына байланысты мәлімдеме жариялады. Ол Facebook әлеуметтік желісі қолданушыларының жеке мәліметтері үшін жауапты екенін мойындаған.

Цукерберг өзі басқаратын компания үлкен көлемдегі деректермен жұмыс істеген қосымшалардың барлығын талдап, тексеретінін айтқан. Бұған қоса компания әлеуметтік желі қолданушыларының дерегімен жұмыс істеу тәртібіне өзгеріс енгізілетіні туралы хабарлаған. Әлеуметтік желі әкімшілігі қосымша әзірлеушіні қолданушымен шарт жасауға міндеттемек, онда қосымша әзірлеушінің жеке мәліметтерді қандай жағдайда пайдалана алатыны егжей-тегжейлі көрсетілмек.

Бұған дейін журналистер саяси консалтинг қызметін көрсетумен айналысатын ұлыбританиялық Cambridge Analytica компаниясын 2016 жылы АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамптың сайлауалды кампаниясы кезінде Facebook желісі қолданушыларының жеке мәліметтерін заңсыз жинаған деп айыптаған. Channel 1 телеарнасының зерттеуіне сәйкес, Cambridge Analytica бүкіл әлем бойынша, соның ішінде Нигерия, Кения, Чехия, Үндістан мен Аргентинада өткен барлығы 200-ден аса сайлауалды кампанияға қатысқан. Журналистік зерттеуде компанияның пара беруге және кандидаттар туралы жалған ақпарат пен әшкерелейтін мәліметтер таратуға қатысы бар екені айтылған.

Оқи отырыңыз: Ұлыбритания компаниясы мен Facebook дауға қалды

Cambridge Analytica компаниясы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG