Өзбекстан билігі діни айып бойынша іздеу жариялаған Ферғана облысы Маргилан қаласының тұрғыны Ботиржон Ибрагимов төрт жылдан соң өз еркімен шетелден Отанына оралды. Ферғана облыстық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өз еркімен келгендіктен Ботиржон Ибрагимов қамауға алынбайды. Билік өкілдері Ибрагимовты туыстарына тапсырған деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик).
Билік Ибргаимовқа Өзбекстан Қылмыстық кодексінің "Діни мазмұндағы материалдарды заңсыз әзірлеу, сақтау, әкелу немесе тарату" бабында қарастырылған қылмысқа күдікті ретінде іздеу жариялаған. оралды. Ферғана облыстық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Умиджон Солиевтің Озодлик радиосына айтуынша, Ботиржон Ибрагимов билік діни айыптар бойынша іздеу жарияланғандардың отбасыларымен түсінік жұмыстарын жүргізгеннен кейін Өзбекстанға өз еркімен оралған алғашқы азамат.
Озодлик тілшісіне Ботиржон Ибрагимовтың өзімен сөйлесудің сәті түспеген.
Өзбекстанда 2016 жылы желтоқсанда президент сайлауында жеңіске жеткен Шавкат Мирзияев билікке келген соң алты айдан кейін бұрынғы президент Ислам Каримов тұсында діни себептер бойынша айыпталып сотталғандардың отбасыларын ақтау процесін бастаған. Аймақтардағы билік өкілдері, ішкі істер органдары, прокуратура және ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері бұған дейін арнайы қызметтің "қара тізімінде" болған адамдардың үйлерін аралап, олардың әлгі тізімнен алынғанын хабарлап, қайтадан қалыпты өмір сүруіне жәрдемдесуге уәде еткен.
2017 жылғы маусымның 17-і күні имамдар мен діни қайраткерлердің қатысуымен өткен жиында президент Мирзияев "қара тізімге" алынған азаматтардың ісін мұқият тексеріп, діни себептермен сотталғандардың отбасыларымен түсінік жұмыстарын бастауды тапсырған. Өткен жылы қыркүйектің 1-і күні Ташкенттегі Хаст имам (Хазрати имам) кешеніндегі "Барокхан" медресесінде имам-хатибтармен кездесуде президент Мирзияев "қара тізімде" болған 17 мың мұсылманның 16 мыңы ол тізімнен алынып, 9500-ге жуық адамның жұмысқа орналасқаны туралы хабарлаған.