Accessibility links

"Терроризм" айыбы тағылған" Сайрам тұрғыны сотталды


Дастанбек Бердімұратов (сол жақта) өзіне қатысты сотта отыр. Сайрам ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 26 ақпан 2018 жыл.
Дастанбек Бердімұратов (сол жақта) өзіне қатысты сотта отыр. Сайрам ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 26 ақпан 2018 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысының (ОҚО) Сайрам аудандық сотында "терроризм" ісі бойынша айып тағылған Дастанбек Бердімұратов сотталды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Дастанбек Бердімұратов - "терроризмді насихаттады" және "діни алауыздықты қоздырды" деген күдікке ілінген жергілікті он тұрғынның бірі. Судья Әбдісейіт Әшірбаев Дастанбек Бердімұратовты Қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-бөлігімен ("Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру") айыпты деп танып, бес жылға соттады. Белдімұратов бұған дейін сотта кінәсін ішінара мойындайтынын мәлімдеген.

Айыпталушының туыстары судьяға Бердімұратовтың бұрын сотталмағанын, отбасында жалғыз асыраушысы екенін ескеруді және жазасын жеңілдетуді сұраған. Прокурордың айыптау актісінде "әлеуметтік желі арқылы халықаралық террорлық ұйымдардың терроризмге шақыратын материалдарын жариялағаны үшін" айып тағылғанын айтты. Дастанбек Белдімұратов сотта прокурормен процесуалдық келісімге келмейтінін, тағылған айыппен ішінара келісетінін айтты.

Бұдан бұрын Родикул Маккомбаев, Гафуржан Парпиев, Даниер Умаров, Махмуджон Худайбергенов, Фаррух Аскаров Қылмыстық кодекстің 256-бабы 2-бөлігімен ("Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру") айыпты деп танылып, алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілген еді. Олар кінәсін мойындау түрінде процессуалдық келісім жасасқан.

2017 жылдың 16 қарашасы күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы департаменті мен ішкі істер органдары бірлесіп Сайрам ауданының он тұрғынын ұстаған. Ұсталғандар Қазақстан қылмыстық кодексі 256-бабының 2-бөлігімен ("Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру") және 174-баптың 1-бөлігімен ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") күдікті деп танылған еді.

XS
SM
MD
LG