Accessibility links

Трамп пен Мэй ресейлік дипломаттарды елден шығаруды талқылады


Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй мен АҚШ президенті Дональд Трамп. Давос, 25 қаңтар 2018 жыл.
Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй мен АҚШ президенті Дональд Трамп. Давос, 25 қаңтар 2018 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Ресей сыртқы барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипальдің улануына жауап ретінде ресейлік дипломаттардың елден шығарылуын талқылады. Ақ үйдің хабарлауынша, Трамп пен Мэй "ресейлік тыңшыларды елден шығарып, қай мемлекетте болмасын, химиялық шабуылды болдырмау - маңызды іс" деген тоқтамға келген.

Тереза Мэй Дональд Трамптың Лондонға қолдау көрсетіп, АҚШ-тан ресейлік 60 дипломатты еліне қайтару туралы шешім қабылдағанына алғыс білдірді.

Наурыздың 4-і күні Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресей бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызы Юлия уланып қалған. Тергеушілердің болжамынша, оларды кезінде СССР-да жасалған "Новичок" деген жүйкені жансыздандыратын затпен уландырған. Лондон бұның артында Мәскеу тұр деп санайды. Ресей уландыру оқиғасына қатысы жоғын мәлімдеген.

Скрипальдің улануына байланысты Ұлыбритания 23 ресейлік дипломатты елден шығарған. Ресей де бұған жауап ретінде Ұлыбританияның 23 дипломатын еліне қайтарған. АҚШ, Канада, Австралия және Еуропа Одағының бірнеше елі мен Украина Ұлыбританияның бұл шарасын қолдап, кейбір ресейлік дипломаттарды елден шығарған.

Бұғна дейін Мэй Ұлыбритания қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін ресейлік активтерді бұғаттаған. Кеше Лондон "Скрипаль ісіне" байланысты 2008-2015 жылдары ресейліктерге берілген инвестициялық визаны тексеретіні мәлім болған. Ұлыбритания Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 700 ресейліктің виза мәліметі тексеріледі. Инвестициялық виза алу үшін Ұлыбритания экономикасына кемінде екі миллион фунт қаржы құю керек.

XS
SM
MD
LG