Парламент сенаты 29 наурызда миграция және халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы заң жобасын қабылдады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Құжатты таныстырған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жобада шетелден келетін этникалық қазақтарға берілетін оралман куәлігінің мерзімін ұзарту қарастырылғанын айтты. Оның сөзінше, қолданыстағы заң бойынша оралман мәртебесі мен куәлігі бір жыл мерзімге беріледі. Оралман мәртебесін алған адам бір жыл ішінде жеңілдетілген тәртіпте Қазақстан азаматтығын алуы тиіс.
"Оралман мәртебесінің мерзімі аяқталған этникалық қазақтардан көмек көрсетуді сұраған өтініш көп түседі. Депутаттар осыған байланысты Қазақстан азаматтығын алу үшін оралман мәртебесінің мерзімін ұзартатын өзгерістер енгізуді ұсынды" деді Әбілқасымова.
Бірақ, жобадағы өзгеріс бойынша, оралман куәлігінің мерзімі аяқталғанына алты айдан асқан адамдарға бұл ереже қолданылмайды.
Сенаттың салалық комитетінің хабарлауынша, заң жобасында жұмыс орындарын құруға, халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметін реформалау, электрондық бірыңғай еңбек биржасын құруға қатысатын мемлекеттік органдардың қызметін заңмен бекіту қарастырылған.
Азаттық Қытайдан келген қазақ отбасына оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткендіктен азаматтық алу мұң болғаны туралы жазған. Көші-қон полициясы олардың оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткенін айтады. Оралман отбасы ықтиярхат рәсімдеуді созып жіберді деп полицияны кінәлайды.