Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына 39 адам уланып түсті деп хабарлайды Азаттыққа облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мира Сүлеева.
Мира Сүлееваның айтуынша, 29 наурыз күні ауруханаға үш бала уланып түскен. 29 наурыздан 30 наурызға қараған түні жаппай уланған науқастар саны 23-ке жетті. Тағы 16 адам бүгін күндіз түскен. Уланғандардың жас шамасы 5-18 жас аралығында. Ауруханаға түскендердің 13-і - бала. Аурухана басшылығы жаппай улану дерегіне байланысты санитарлық эпидемиологиялық станцияға шұғыл хат жолдады.
- Арнайы комиссия құрылды. Уланғандардың төртеуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Улану дерегі әлі де түсіп жатыр. Науқастардың жағдайы орташа деңгейде, - деді баспасөз хатшысы.
Мира Сүлеева науқастардың барлығы қаладағы дүңгіршектердің бірінен балмұздақ жегенін айтқанын, сараптама қорытындысы төрт тәулікте дайын болатынын айтады.