Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өзінің жалғыз ұлы Сердар Бердімұхамедовты сыртқы істер министрінің орынбасары етіп тағайындады деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметі. Түркіменстан мемлекеттік ақпарат агенттігі ресми ақпаратты жұма күні жариялаған.
Наурыздың 25-інде өткен Түркіменстан парламенті сайлауында Ахал облысы Душак сайлау округінен депутаттыққа канидат болып тіркелген 36 жастағы Сердар Бердімұхамедовке, ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 91,42 пайызы көбі қолдау білдірген.
Бұл сайлауда президент ұлының "оңай жеңіске" жететіні туралы күнібұрын болжап білген тәуелсіз бақылаушылар Сердер Бердімұхамедовті биліктегі әкесінің ықтимал мұрагері деп санайды. Ол бұған дейін 2016 жылы қарашада өткен аралық сайлауда алғаш рет депутат болып сайланып, парламент комитетін басқарған. Жақында ғана Сердар Бердімұхамедов Астанаға барып, Орталық Азия елдері басшыларының кездесуіне қатысқан.
Оқи отырыңыз: Президент ұлының билікке өрлеуі
Вашингтонда орналасқан Freedom House үкіметтік емес құқық қорғау ұйымы қаңтар айында жариялаған есебінде Түркіменстанды азаматтық және саяси еркіндіктерді басып-жаншитын әлемдегі "ең нашар" 12 елдің қатарына енгізген.
Батыс бақылаушылары Түркіменстанда осы кезге дейін өткен бір де бір сайлауды әділ және еркін деп мойындаған емес. Биыл ақпанда өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 97 пайызы қолдау білдірген Гурбангулы Бердімұхамедов үшінші мерзімге президент болып сайланған.