Accessibility links

ІІМ: Наурызда көк шармен ұсталғандар туралы дерек жоқ


Наурыз мерекесі кезінде Астана әкімдігі алдындағы орталық алаңында көк түсті шар ұстап жүрген адамдар. 22 наурыз 2018 жыл
Наурыз мерекесі кезінде Астана әкімдігі алдындағы орталық алаңында көк түсті шар ұстап жүрген адамдар. 22 наурыз 2018 жыл

Қазақстан ішкі істер министрлігі "наурыздың 21-і мен 25-і аралығында әлдебір түсті шар және басқадай заттармен ұсталған азаматтар саны туралы мәлімет жоғын және ондай есеп жүргізбейтінін" хабарлады. Бұл туралы Азаттықтың наурыздың 26-сы күні жолдаған сауалына ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің бастығы Алмас Сәдубаевтан бүгін келген ресми жауапта айтылған.

Азаттық министрлікке сауалында Наурыз мейрамы кезінде Астанада полиция қызметкерлерінің көшеде көк және көгілдір түсті шар ұстап жүрген азаматтарды тоқтатып, құжаттарын тексеріп, суретке түсіріп, полиция автобусында арнайы журналға ұсталғандардың жеке мәліметтерін жазып алуының себебін сұраған болатын.

Мереке кезінде неліктен әлгі азаматтар ұсталды және бұған Қазақстан сотының шешімімен қызметіне тыйым салынған оппозициялық "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы әлеуметтік желілерде жариялаған акцияның қатысы бар ма деген Азаттық сауалын ІІМ жауапсыз қалдырған. Сонымен бірге, министрліктен келген хатта Наурыз мейрамы күні Астанада полиция өкілдерінің жұмыста жүрген БАҚ қызметкері екенін айтқан Азаттық журналисі Ержан Әмірхановты "құжатын тексеру үшін" полиция автобусына кіргізіп, кейін "неге ұсталғанын білмейтіндерін" айтып босатып қоя бергені туралы сұраққа да жауап жоқ.

Наурыздың 22-і күні Азаттық тілшілері Астана қаласы әкімдігі алдындағы алаңда өтіп жатқан мерекелік шара барысында көк және көгілдір түсті шар ұстап жүрген азаматтарды полиция қызметкерлері автобусқа кіргізіп, олардың жеке мәліметтерін журналға жазып алғанына куә болған еді.

ВИДЕО: Астанада көк шармен жүргендерді полиция ұстады (22 наурыз 2018 жыл)

Көк шармен жүргендерді полиция ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

Наурыз мерекесінен кейін Қазақстан ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне көк түсті шармен жүрген адамдарды ұстау немесе шарларды тартып алу туралы бұйрық бермегені туралы мәлімдеме таратқан.

Оқи отырыңыз: Көк түсті шардан Астананың "мазасы қашты"

XS
SM
MD
LG