Accessibility links

Ресейде губернатор Аман Төлеев отставкаға кетті


Ресейдің Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев
Ресейдің Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев

Ресейдің Кемерово облысын ұзақ жылдар бойы басқарып келген 73 жастағы Аман Төлеев өз еркі бойынша губернатор қызметінен босатуды сұрап президент Владимир Путинге өтініш берген. Бұл туралы Кемерово облыстық әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлаған.

"Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев өз еркімен отставкаға кететіні жайлы Ресей Федерациясы президенті Владимир Путинге өтініш жасады", - делінген хабарламада.

Кемероводағы сауда орталығында болған өрт кезінде 64 адамның қазаға ұшырауына байланысты Аман Төлеевтің көңіл айтқан үндеуі жазылған видео жарияланды.

"Құрметті Кузбасс тұрғындары, мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Қаза болғандардың отбасыларымен кездестім, жәрдем көрсетуге қатысты мәселелерді шешуге тырыстым. Тағы да қатты қайғырып көңіл айтамын", - деген Төлеев.

Наурыздың 25-і күні Кемерово қаласындағы "Зимняя вишня" сауда орталығында болған өрт салдарынан, ресми мәлімет бойынша, 64 адам (арасында 41 бала бар) ажал құшқан.

Наурыздың 27-і күні Кемерово облыстық әкімшілігі ғимаратының алдында бірнеше жүз адам жиналып наразылықтарын білдірген. Олар биліктен сауда орталығындағы өрт туралы шындықты айтуды талап еткен.

Шеруге қатысушылар құтқарушылардың жұмысына көңілдері толмайтынын айтып, қайғылы оқиғаның жап-жапсарын анықтау үшін мұқият және әділ тексеру жүргізуді талап еткен. Облыстық әкімшілік алдына жиналған наразы жұрт: "Шындық керек!", "Губернатор отставкаға кетсін!" және "Путин келсін" деп айғайлаған. Сол күні Кемерово қаласында болған Ресей президенті Владимир Путин де, облыс губернаторы Аман Төлеев те наразы халықтың алдына шықпаған.

Аман Төлеев 1997 жылдан бастап осы кезге дейін Ресейдің Кемерово облысының губернаторы қызметін атқарған.

XS
SM
MD
LG