Accessibility links

Шымкентте "зорланған" бала өкілі үстінен сот басталды


Құрманғазы Мүсір, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы "зорланған баланың" сенімді өкілі.
Құрманғазы Мүсір, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы "зорланған баланың" сенімді өкілі.

Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты сарыағаштық "зорланған" 7-жасар бала мен оның отбасының сенімді өкілі Құрманғазы Мүсірдің үстінен қозғалған қылмыстық істі қарай бастады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сотқа арызды 7 жастағы балаға "әлімжеттік жасады" делінген оқушылар оқитын Баласағұн атындағы мектептің директоры Бейбіткүл Селтанова түсірген. Сот Қылмыстық кодекстің "жала жабу" бабы бойынша Құрманғазы Мүсірдің үстінен түскен арызды өндіріске алған.

Істі қарап жатқан судья Еркебұлан Төлешов бүгін соттың алдын ала тыңдауында тараптардың құқығын түсіндіретінін айтып, екі жақты бітімге шақырды.

Судья видео, аудио және сурет түсіруге рұқсат бермеді.

Бейбіткүл Селтанованың адвокаты егер Құрманғазы Мүсір 14 наурыз күні кешке "зорланған" 7 жастағы бала мен оның әжесін поездан еркінен тыс түсіріп алып, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне алып барған кезде "қылмыстық істің ашылуына мектеп директоры Бейбіткүл Селтанованың туған қайнысы Бауыржан Селтанов бөгет жасап жатыр" деген сөзді ресми түрде жоққа шығарса бітімге келуге дайын екенін айтты. Құрманғазы Мүсір айыптаушының бұл талабымен келіспейтінін жеткізді.

- Сенім білдірген өкілдерімді күштеп, еркінен тыс, темір жол вокзалынан заңсыз ұстап ішкі істер департаментіне алып келген соң олармен кездесе алмағаннан кейін мәлімдеме жасағаным рас. Оны дәлелдей де аламын, - дейді Құрманғазы Мүсір.

Бейбіткүл Селтанова мен оның адвокаты іс бойынша қандай да бір комментарий бере алмайтынын жеткізді.

Судья екі жақты қайта бітімге шақырып, тараптардың сұрауы бойынша уақыт берді. Сот отырысы 16 сәуірге қалдырылды.

13 наурыз күні Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттыққа жеті жастағы жиенін былтыр тамыздан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағаны" туралы жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын айтқан. Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырып, қатты талқылауға ұласқан.

Оқи отырыңыз: Билік өкілдері "бала зорлау" дерегін жоққа шығарды

XS
SM
MD
LG