Accessibility links

Алматыда журналиске қарсы іс қарала бастады


Журналист Серікжан Мәулетбай және адвокаты Жанна Уразбахова сотта отыр. Алматы, 3 сәуір 2018 жыл.
Журналист Серікжан Мәулетбай және адвокаты Жанна Уразбахова сотта отыр. Алматы, 3 сәуір 2018 жыл.

3 сәуірде Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында журналист Серікжан Мәулетбай мен Informburo.kz сайтына қарсы іс қаралды. Шағым беруші "Art Asia" компаниясы журналист пен вебсайт іскерлік репутациясына нұқсан келтірді деп санайды. Сотқа шағым түсіруге негіз болған мақала 2016 жылдың қараша айында жарияланған. Журналист Серікжан Мәулетбайдың «Как турфирмы разводят лохов-туристов, не преступая закон» атты мақаласында туристерді таймшер арқылы алдайтын фирмалар туралы айтылған.

Сейсенбідегі алғашқы сот отырысына журналист Серікжан Мәулетбай мен оның адвокаты Жанна Уразбахова, шағымданушы тараптың заңды өкілі Солтанбекова Фариза және Informburo.kz сайтының заңды өкілі Анастасия Боловинцева қатысты. Сотта судья Дінмұхамед Адайбаев тараптардың пікірін тыңдады.

- Мақалада біздің компания мен клиенттеріміз арасындағы жайт баяндалады. Клиенттеріміздің сотқа шағымданғаны, бірақ олардың жеңіліп қалғаны айтылады. Осыдан кейін жолдама сатып алу кезінде мендежерлер өздерін алдап соқты дейді. Бірақ сот біздің ешкімді алдамағанымызды дәледеп, олардың арызын қанағаттандырмай тастағаны еленбей қалған. Мақала тақырыбының өзі біздің компанияның беделіне нұқсан келтіреді деп білеміз. Себебі мақала тұтастай біздің компанияға арналған, - деді «Art Asia» өкілі.

Арызданушы тарап Азаматтық кодекстің 143-бабына («Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау») сілтеме жасай отырып, соттан мақалада талапкердің атын алып тастауды, Informburo.kz сайтында алғашқы мақаланы теріске шығаратын материал жариялауды, «Informburo.kz» сайтының иегері саналатын "Информполис" компаниясының өздерінен кешірім сұрауын міндеттеуді талап етті.

Ал Informburo.kz сайтының заңды өкілі Анастасия Боловинцева, "мақаланың тақырыбы – жалпылама, сондықтан оны терістеу мүмкін емес, мұндай нақтылық жоқ" деген пікір айтты.

- Екінші талап бойынша, бұл тұжырым - клиенттің айтқаны. Оның позициясы. Біз БАҚ ретінде жеке тұлғаның айтқаны үшін жауап бермейміз, - деді Боловинцева.

Тараптарды тыңдаған судья Дінмұхамед Адайбаев істі бейбіт жолмен шешуге шақырды. Тараптар "қарсы емес екендерін" жеткізді. Тек талапкер "кешірім сұрап, терістесе болғаны" деді, ал жауап беруші жақ өздерінің "компанияның беделіне нұқсан келгенін дәлелдеп берсе ғана терістейміз" деумен болды.

Журналист Серікжан Мәулетбайдың адвокаты Жанна Оразбақова тілші сұхбат алған адамының айтқан сөзіне жауап бере алмайтынын, мақалада пайдаланған ақпарат ашық ақпарат көзі екенін айтты. Ол қазір журналист Мәулетбай Informburo.kz сайтында қызмет етпейтіндіктен журналистке қарсы талап-арызды толығымен кері қайтаруды сұрады.

Бұл іске қатысты келесі сот отырысы 10 сәуір күні өтеді.

XS
SM
MD
LG