Брюссельге барған қазақстандық делегация өкілі, Еуропарламент депутаттарымен кездескен белсенді Бешир Жаналтай парламентте Қытайдағы этникалық қазақтардың мәселесін көтергенін хабарлады. Бешир Жаналтай бұл туралы Брюссельде Азаттық тілшісіне сұхбатында айтты.
- Кеше Еуропарламент депутаттарымен кездескенде оларға Қытайда 2-3 миллион қазақ барын айттық. Депутаттар ол жақтағы жағдайдан бейхабар. Неге десеңіз, олар Шыңжайдағы мәселе дегенде әуелі ұйғырлар деп түсінеді. Ал бірақ ол жақтағы қазақ ағайындар, басқа да этникалық топтарға жасалып жатқан қысым туралы мәселе көтердік. Олар [Еуропарламент депутаттарын айтады - ред.] бұл мәселені Астанаға барғанда сұрап көретінін айтты, - деді Бешир Жаналтай.
Ол бұл мәселені халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен бірге қолға алуға келіскенін және мамыр айында Астанада қайтадан кездесуге уағдаластық жасалғанын айтты.
Бешир Жаналтай Брюссльге барар алдында "Болашақ" республикалық жастар қозғалысы" жастар ұйымы ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысып, Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы этникалық қазақтарға жасалып жатқан қысымды көтергенін айтты. Жаналтайдың сөзінше, ол әсіресе Қытайда Қазақстан азаматтығын алған қазақтарды ұстап, қайтармай жатқаны туралы жиынға келген халықаралық БАҚ өкілдеріне, оның ішінде Associated Press агенттігі журналистеріне де түсіндіріп берген.
Қазақстандық бір топ оппозиция өкілі, азаматтық белсенді мен журналист Брюссельде үшінші күн "Жаңа Қазақстан" деп аталатын форум өткізіп жатыр. Азаттық тілшісінің Брюссельден хабарлауынша, форум аясында қазақстандықтар Еуропа парламентінің депутаттарымен, оның ішінде парламенттің Орталық Азия және Қазақстан бойынша бөлімінің өкілдерімен кездесті.
Оқи отырыңыз: Брюссельде "жаңа конституция" мен "билік транзиті" талқыланды
Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны туралы ақпараттар 2017 жылғы сәуір айынан тарай бастаған. Шыңжаңда ұсталғандар арасында Қытайдан тарихи Отанына оралып, Қазақстан азаматтығына ие болғандар да бар.