Әзербайжан азаматтары сәуірдің 11-і күні мерзімінен бұрын президент сайлауына дауыс береді. Ел президентінің кезекті сайлауы 2018 жылғы қазанда өтуі тиіс еді, бірақ биыл ақпанда іс басындағы президент 56 жастағы Илхам Әлиев сайлауды ерте өткізу туралы шешім қабылдаған.
Елдегі ірі оппозициялық партиялар бұл сайлауға "заңсыз және бұрмалаушылық болатыны әуелден белгілі" деп бойкот жариялаған. Сайлауға Илхам Әлиевтен өзге жеті кандидат түседі.
Әзербайжан оппозициясы мен Батыс елдері және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Әлиев үкіметін тәуелсіз БАҚ-ты, журналистерді және оппозициялық саясаткерлер мен белсенділерді үнемі қудалайды деп айыптайды.
2003 жылы әкесі президент Гейдар Әлиев қайтыс болғаннан кейін билік басына келген Илхам Әлиев содан бері үш мерзім қатарынан Әзербайжан президенті болып сайланған. Әзербайжан Конституциясы 2016 жылы қыркүйекте өткен даулы референдум бойынша өзгертіліп, іс басындағы президент Ильхам Әлиев мерзімінен бұрын сайлау белгілеу құқығына ие болған.
Сайлауға халықаралық ұйымдар, оның ішінде Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылау жасайды. ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқығы бюросы (ДИАҚБ) 29 наурызда Әзербайжанда "президент сайлауына түсетін өзге кандидаттар Әлиевке саяси тұрғыдан бәсекелес бола алмайтындықтан немесе оны белсенді жақтайтындықтан" сайлауда "шынайы бәсеке болады деп күтпейтінін" мәлімдеген.
Әзербайжандағы президент сайлауы. "Осы шақ" бағдарламасының видеосы (орыс тілінде)