"АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияға әскери соққы беру туралы түпкілікті шешімін әзірге қабылдаған жоқ, ол Вашингтон мен одақтастары іс-әрекетінің бір нұсқасы болып тұр" деп мәлімдеді Ақ үйдің ресми өкілі Сара Сандерс.
Ол Трамптың Twitter-де Ресейді зымыран шабуылы жасалатыны туралы ескертуін "ықтимал іс-қимылдардың бірі" деп атады.
Сандерс АҚШ Сирияның Дума қаласында жасалған химиялық шабуыл президент Башар Асад әскерінің ісі екеніне сенімді екенін және Вашингтон оған Сирияның химиялық қару арсеналын жоюға уәде берген Ресей жауапты деп білетінін айтты.
Ақ үй өкілі Ресей Сирияда "жағымсыз кісі" сияқты әрекет ететін айтты. Оның сөзінше, Трамп дегенмен жағдай өзгеріп, Ресей ынтымақтастыққа ұмтылады деп үміттенеді.
Сара Сандерстің сөзінше, Трамп одақтастары - Ұлыбритания, Франция, Израиль және бірнеше араб елімен бірлесе іс-қимыл жасау жөнінде кеңесіп жатыр.
Британдық БАҚ-тың хабарлауынша, Ұлыбритания сүңгуір қайықтары Сириядағы нысандарға ықтимал соққы жасауға қатысу үшін Сирия жағалауына аттанып кеткен.
Ресей Дума қаласында химиялық шабуыл жасалған жоқ және ол туралы ақпаратты "арандату" деп біледі. Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйым химиялық шабуыл туралы ақпаратты 16 сәуірде талқылайды. Ұйым Сирияға арнайы миссиясын жіберуге дайын.