Тәжікстанның Соғды облыстық сотында бір отбасының жеті мүшесіне қатысты іс қаралып жатыр. Оларға "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қосылмақ болды деген айып тағылған.
Айып тағылғандар арасында 70 жастағы әже, 44 жастағы ұлы, келіні, қызы және күйеу баласы бар. Олар былтыр Түркия-Сирия шекарасында ұсталған. Сот отырысы Худжанд қаласында жабық түрде басталған.
Тергеу ісіндегі дереккөз мәліметінше, бір отбасының жеті бірдей мүшесі сотталып жатыр. Отбасының екі мүшесі - бірі кәмелет жасына толмағандықтан, екіншісі психикалық ауруына байланысты сотқа тартылмаған.
"Бір отбасында барлығы 29 адам болған. Олар Сирияға үш шағын автобуспен барған. Екі автобус түрік-сирия шекарасынан өтіп кеткен. 9 адамы бар үшінші автобус ұсталған. Оларды жыл басында Тәжікстанға қайтарған" дейді дереккөз.
Тәжікстан билігі әзірге айыпталушылардың аты-жөнін атамайды. Алғашқы сот отырысында олар Сирияға "жихадқа" бармақ болғанын мойындаған. Олар туған жерінде билік діни құқықтарынан айырды деген. Бір әйел Исфар базарында милиция қызметкері өзін хиджаб кигені үшін ұстағанын айтқан.
Былтыр наурыз айында барлығы 29 адам алдымен Қазақстанға жетіп, ол елден Түркияға ұшқан. Исфарда тек 70 жастағы әженің бір қызы ғана қалған.