Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан "бір күнде демократия орната алмайтынын" тағы қайталап, АҚШ-тың мемлекет болып қалыптасуының өзіне 250 жыл кеткенін мысал қылды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Астанада "Рухани жаңғыру" бағдарламасына бір жыл толуына орай өткен жиында сөйлеген Назарбаев қазақтардың "өз санасы, тілі, діні және дәстүрі бар, бүкіл әлем сияқты демократия жолымен келе жатқан халық" екенін айтты.
"Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері осы елді басқарып, халықтың сенімін ақтап келемін. Батыста бізге "Біздегі сияқты, Америка, Батыстағы сияқты демократия орнатыңдар" деп неше рет айтты. Біз қазақпыз, біз американдық емеспіз ғой, біз неміс, ағылшын емеспіз. Онда тұрған не бар?" деді Назарбаев.
Ол бірақ Қазақстан "бір күннің ішінде мың жылдық шаруаны аттап кетпейтінін де айтты. "Америка Құрама Штаттарына 250 жыл болды. Осыдан 50 жыл бұрын қара мен ақ автобусқа отыра алмайтын. Әйелдер сайлауға қатыспайтын. Оны неге ұмытып кеттіңдер?" деді Қазақстан президенті.
"Сондықтан, біздің айтатынымыз, олардың жағдайы басқа. Мысалы, Батыстағының барлығы католиктер ғой, оның ішінде протестанттар. Протестант болсам - өзім өзіме жауап берем. Мен ініме, бауырыма қарызға бере алмаймын ақшаны, берсем несие қылып берем. Ағайын туысқан деген жоқ. Біз қазақ ондай болмауымыз керек. Өзіміздің үлкенді, әйелді сыйлап, баласы әкесін, әкесі атасын қадірлеу деген, біз бұдан шықпауымыз керек қой деп мен оларға (Батысты айтады - ред.) ылғи түсіндіріп келем" деді президент Назарбаев.
Оқи отырыңыз: Назарбаев Қазақстанда өмір неге өзгеше екенін түсіндірді
Назарбаев Сингапурдың бұрынғы басшысы Ли Куан Юге де кезінде "елдің дәстүрін сақтауға үндегені үшін" түрлі ат таққанын келтірді.
"Өмір бойы менің жақсы досым еді, марқұм Ли Куан Ю де солай алысып келді. Оны не демеді? Диктатор деді, автократ деді, анау деді, мынау деді. Қалай автократ? "Бес жыл сайын сайланып отырған адамды қалай диктатор, автократ деп айтуға болады" деп ол да дәлелдеді (Ли Куан Юді айтады - ред). Сондықтан біздің өз жолымыз бар дегенім сол" деді Назарбаев.
Назарбаев Батыс елдері мен Қазақстандағы дамудың неге өзгеше екенін бірінші рет салыстырып, "түсіндіріп" отырған жоқ. Ол бірнеше жыл бұрын да батыс елдері өз бетімен дамыған елдерді "авторитарлық, диктаторлық мемлекет" деп сөге беретінін айтқан.