Румыния президенті Клаус Йоханнис осы елдің бұрынғы президенті Ион Илиеску, экс-премьер-министрі Петре Роман және бұрынғы вице-премьер Джелу Войкан-Войкулескуді жауапқа тартуға келісім берді. Бұл үшеуі 1989 жылы желтоқсанның 22-і күні Николае Чаушескудің диктатурасы құлатылғаннан кейін билікке келген Ұлттық құтқару майданды басқарған. Бұдан 28 жылдан астам уақыт бұрын болған қанды оқиғалар кезінде 1100-нан аса адам құрбан болған, олардың көбі желтоқсанның 22-інен кейін қаза тапқан.
Николае Чаушеску режимі құлағаннан кейін өткен 29 жылдың ішінде адамдар қазасы үшін тек екі генерал ғана сотталған. Чаушеску мен әйелі Елена арнайы құрылған трибуналдың үкімі бойынша 1989 жылғы желтоқсанның 25-і күні атылған.
Президент Йоханнис өзіне сәуірдің 2-і күні Румыния бас прокуроры жолдаған сауалға жауап ретінде Ұлттық құтқару майданының бұрынғы жетекшілерін қылмыстық іс бойынша жауапқа тарту туралы шешімге қол қойған. Румынияда саяси құрылыс ауысып жатқан кезде жоғары лауазымды қызметтерде мемлекетті басқарғандықтан аталған үш адамды қазіргі кезде жауапқа тарту үшін президенттің келісімі қажет болған.
2016 жылы істі қарауды қайта бастаған әскери юстиция Чаушеску билікті тастап қашқан соң елді басқаруды қолына алған және билікті қолында ұстауға тырысқан "жаңа саяси және әскери басшылық" сол кезде құрбан болған көп адамның қазасы үшін жауапты деп мәлімдеген. Прокурорлар мемлекеттік телеарна мен радио жалған ақпараттар таратып, ел арасында жаппай үрей туғызған деп мәлімдеген. Прокурорлардың айтуынша, көтеріліске қатысты кей айғақ-деректерді кейін жойып тастаған.
Күдікке ілінген Ион Илиеску, Петре Роман және Джелу Войкан-Войкулеску адамдар қазасына жауапкершілікті мойынға алудан бас тартып отыр. Румынияны 1965-1989 жылдары аралығында басқарған Чаушеску партия жетекшілігі қатарынан қуған Ион Илиеску диктатура құлағаннан кейін Румыния президенті болып үш мәрте сайланған.