Ұлыбританияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Карен Пирс "Сирияда сәуірдің 7-і күні химиялық шабуыл жасалғаны жайлы жалған ақпарат таратуға" Біріккен Корольдіктің қатысы туралы бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігінің айтқан сөзін үзілді-кесілді жоққа шығарды. Ол Мәскеудің "оғаш" естілетін бұл мәлімдемесі "сорақы өтірік" деп мәлімдеді.
"Британияның химиялық қаруды қолдануға ешқандай қатысы жоқ және ондайға ешқашан қатыспайды деп үзілді-кесілді мәлімдемекпін", - деген Карен Пирс.
Бұған дейін жұма күні Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі генерал Игорь Конашенков Ұлыбритания "арандатуға тікелей қатысты" деп мәлімдегенімен оған ешқандай айғақ-дәлел келтірмеген еді.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Карен Пирс Ресейдің айыптауын "қисынсыз" деп атаған.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы Сирияның Дума қаласында жасалған химиялық шабуылға жауап ретінде Башар Асад режиміне қарсы әскери шара қолданатыны туралы айтқан АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесіне байланысты Ресейдің өтініші бойынша шақырылған болатын. Ұлыбритания дипломаты "Біз ресейлік пропаганда машинасы таратқан "жалған жаңалықтың" ең жаман үлгісін кездестірдік", - деп мәлімдеген.
Сәуірдің 14-і күні АҚШ пен одақтастары Ұлыбритания және Франция Сирияда химиялық қару жасау үшін пайдаланылған болуы мүмкін деген күдікке іліккен нысандарды зымыранмен атқылаған.