Accessibility links

Оралман куәлігінің мерзімін ұзартатын заң қабылданды


Моңғолиядан келген оралман Ғазиза Октябрь оралман куәлігін көрсетіп отыр. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы, 10 шілде 2017 жыл (Көрнекі сурет).
Моңғолиядан келген оралман Ғазиза Октябрь оралман куәлігін көрсетіп отыр. Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы, 10 шілде 2017 жыл (Көрнекі сурет).

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері бойынша заңға түзетулер енгізу туралы заңға қол қойды деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Бұған дейін парламент сенатында құжатты таныстырған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жобада шетелден келетін этникалық қазақтарға берілетін оралман куәлігінің мерзімін ұзарту қарастырылғанын айтқан. Оның сөзінше, қолданыстағы заң бойынша оралман мәртебесі мен куәлігі бір жыл мерзімге беріледі. Оралман мәртебесін алған адам бір жыл ішінде жеңілдетілген тәртіпте Қазақстан азаматтығын алуы тиіс болған.

"Оралман мәртебесінің мерзімі аяқталған этникалық қазақтардан көмек көрсетуді сұраған өтініш көп түседі. Депутаттар осыған байланысты Қазақстан азаматтығын алу үшін оралман мәртебесінің мерзімін ұзартатын өзгерістер енгізуді ұсынды" деген Әбілқасымова.

Енді заңға енгізілген өзгеріс бойынша, оралман куәлігінің мерзімі бір рет үш ай мерзімге дейін ұзартылады. Бірақ куәлігінің жарамдылық мерзімі аяқталғанына алты айдан асқан адамдарға бұл ереже қолданылмайды.

Сенаттың салалық комитетінің хабарлауынша, заңда жұмыс орындарын құруға, халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметін реформалауға, электрондық бірыңғай еңбек биржасын түзуге қатысатын мемлекеттік органдардың қызметін заңмен бекіту қарастырылған.

Заң бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Еңбек кодексіне, Халықтың көші-қоны туралы заңға және Халықты жұмыспен қамту туралы заңға түзету енгізілмек.

Азаттық Қытайдан келген қазақ отбасына оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткендіктен азаматтық алу мұң болғаны туралы жазған. Көші-қон полициясы олардың оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткенін айтады. Оралман отбасы ықтиярхат рәсімдеуді созып жіберді деп полицияны кінәлайды.

XS
SM
MD
LG