Accessibility links

Саргсян қарсылыққа қарамастан премьерлікке ұсынылды


Еревандағы наразылық акциясына шыққан адамдар мен полицияның тіресі. Армения, 16 сәуір 2018 жыл.
Еревандағы наразылық акциясына шыққан адамдар мен полицияның тіресі. Армения, 16 сәуір 2018 жыл.

Армения депутаттары наразылық шерулеріне қарамастан, Серж Саргсянді премьер-министр қызметіне ұсынды. Шерушілер Саргсянді билікті басып алды деп айыптап, оның премьер болуына қарсылық танытып жатыр. Іс басындағы Армения республикашыл партиясы (АРП) мен Армян революциялық федерациясының фракциясы 16 сәуірде Саргсянді премьер-министрлікке кандидат етіп ұсынуды бірауыздан мақұлдады. Парламент Саргсяннің кандидатурасына мақұлдауға 17 сәуірде, яғни бүгін дауыс береді.

Соңғы төрт күннен бері мыңдаған демонстрант Саргсянға қарсылық танытып, көшеге шығып, Ереван орталығындағы көшелерді жауып тастады. Наразылық шарасын ұйымдастырушы, оппозициялық депутат Николай Пашинян халықты жаппай шеруге шығып, "азаматтық бағынбау акциясын" өткізуге шақырып жатыр.

Никол Пашинян өзі жетекшілік ететін "Менің қадамым" қозғалысының жақтастары экс-президент Серж Саргсяннің премьер-министр болуына жол бермеу үшін 17 сәуірде де азаматтық бағынбау акциясын жалғастыратынын мәлімдеді.

Қолдарына Армения туларын ұстаған шерушілер парламент ғимаратына баратын Баграмян даңғылын бойлай жүріп, осы аудандағы қозғалысты тоқтатып тастады. Полиция арнайы жасағы шерушілерді одан ары парламентке қарай өткізбей ұстап тұр.

"Арменияда бұрын-соңды болмаған жағдай болып жатыр: бір адам үшінші рет ел басқарғысы келеді. Біз бұған жол бере алмаймыз" деді Никол Пашинян.

Ол наразылар алдында микрофон арқылы "Армения азаматтарын азат ететін күн туды" деп айқайлады.

XS
SM
MD
LG