Accessibility links

Қырғызстан парламенті үкіметке сенімсіздік білдірді


Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков (сол жақтан екінші) парламентте отыр. Бішкек, 17 сәуір 2018 жыл.
Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаков (сол жақтан екінші) парламентте отыр. Бішкек, 17 сәуір 2018 жыл.

Қырғызстан парламенті депутаттары үкіметке сенімсіздік білдіруді қолдап дауыс берді. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, сенімсіздік білдіруді 105 депутат қолдады.

Үкіметке сенімсіздік білдіру мәселесін күн тәртібіне "Республика - Ата Журт" фракциясының жетекшісі Жыргалбек Турускулов шығарды.

Жогорку Кенештің конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және регламент бойынша комитеті парламенттегі азшылықты құрайтын оппозициялық фракциялардың үкіметке сенімсіздік білдіру туралы мәселені талқылауға шығаруды қолдаған. Мәселені алдымен салалық комитет, сосын депутаттар қарады.

Қырғызстан Конституциясының 85-бабы бойынша, Жогорку Кенеш депутаттардың үштен бірінің бастамасы бойынша үкіметке сенімсіздік білдіру мәселесін қарай алады.

Үкіметке сенімсіздік білдіру туралы қаулы жалпы депутаттар санының жартысынан көбі дауыс берген жағдайда қабылданады.

Үкіметке сенімсіздік білдірілген соң президент үкіметті отставкаға жіберуге немесе парламент шешімімен келіспеуге еркі бар.

Егер парламент үш ай ішінде үкіметке екінші қайтара сенімсіздік білдірсе, онда президент үкіметті отставкаға жібереді.

Бұған дейін оппозициялық үш фракция - "Республика - Ата Журт", "Ата Мекен" және Онугуу-Прогресс" премьер-миинстр Сапар Исаков үкіметінің 2017 жылды қорытындылаған есебіне қанағаттанбайтынын мәлімдеген. Мұның алдында парламентте көпшілік орынға ие Социал-демократиялық партиясы (СДП) мен "Қырғызстан" фракциясының депутаттары үкімет есебін "қанағаттанарлық" деп бағалаған.

Сапар Исаковтің үкіметі 2017 жылы 26 тамызда қызметіне кіріскен. Ол үкімет құрамын парламенттегі көпшілік коалициясына кіретін СДП, "Қырғызстан" және "Бир бол" фракциялары ұсынған. Сапар Исаковқа дейін Қырғызстан үкіметін қазіргі президент Сооронбай Жээнбеков басқарған.

XS
SM
MD
LG