Қазақстандық "Алма ТВ" кабельдік телеоператорына ие компанияның 2,1 миллиард теңге (шамамен 6,7 миллион доллар) қаржысы мен мүлкі бұғатталды деп хабарлады Қазақстан қор биржасы (KASE). Компанияның өзінің хабарлауынша, бұғаттау туралы шешім 12 сәуірде шыққан.
"Алма Телекоммуникейшнс Қазақстан" компаниясының KASE сайтында жарияланған хабарламасына қарағанда, аресті жеке сот орындаушысы салған.
Азаттық компания баспасөз қызметіне қаржысы мен мүлкінің бұғатталу себебін сұрап қайырылды. Ал жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, арест мүлік құқығын бұзу дауына байланысты салынған болуы мүмкін. Zakon.kz сайты бұған дейін Алматының экономикалық сотында компанияға қарсы арыз қаралып, қалалық сотта апеляциялық шағым қаралған.
Сот актілері базасындағы мәлімет бойынша, былтырғы жылдың соңында Қазақстанның интеллектуалдық меншік құқығын басқару қоғамы "Алма Телекоммуникейшнс Казахстан" компаниясынан 2 миллиард 180 миллион 388 мың теңге өтемақы өндіріп алу туралы арыз түсірген.
Алғашқы сот инстанциясы шағымды қанағаттандырмаған. Бұдан соң арызданушы сот шешіміне шағымданған. Алматы қалалық сотының әкімшілік істер бойынша сот алқасы "Алма Телекоммуникейшнс Казахстан" WebContent компаниясына тиесілі "жеке мүлік құқығын бұзды" деп тапқан.
Осыған байланысты апелляциялық сот бұл іс бойынша алғашқы инстанция сотының шешімін жойып, "Алма Телекоммуникейшнс Казахстан" компаниясынан "Қазақстанның интеллектуалдық меншік құқығын басқару қоғамы" республикалық қоғамдық бірлестігінің пайдасына 2 миллиард 180 миллион 388 мың теңге көлемінде өтемақы өндіріп алу туралы шешім шығарған.