13 елдің құқық қорғаушылары Google, Amazon, Microsoft және Apple компанияларының атына ашық хат жазып, Ресейдегі интернетті шектеу мен Telegram мессенджерін бұғаттауды айыптады. Telegram мүддесін қорғайтын халықаралық "Агора" ұйымының басшысы Павел Чиков хатты Telegram-каналында жариялады.
Хат авторлары мессенджерді бұғаттауды Ресей билігінің интернетте ой-пікірді білдіру еркіндігіне шабуыл жасауы деп атады. "Ресей билігі мессенджермен күресте америкалық ірі компаниялардың IP-адрестерін бұғаттап, нағыз киберсоғыс жариялады. Салдарынан Ресейде жүздеген онлайн-сервис зардап шекті" делінген хатта.
Құжатқа Ресей, Ұлыбритания, Израиль, АҚШ, Ирландия, Канада, Египет, Үндістан, Колумбия, Аргентина, Венгрия, Кения және Оңтүстік Африка Республикасының құқық қорғаушылары қол қойған.
Роскомнадзор 16 сәуірден бері Telegram-ды оның Ресей арнайы қызметіне қолданушылар жазатын хат-хабарды шифрлау кілтін беру талабын орындаудан бас тартқаны үшін бұғаттап жатыр.
Оқи отырыңыз: "Дуров халықты көшеге шығара алады"
22 сәуірде Ресейде мессенджерді бұғаттауға қарсы акциялар өткен. Ресейлік Telegram қолданушылары акция кезінде үйлерінің терезесінен қағаздан жасалған ұшақ үлгісін ұшырған. Telegram-ның негізін салушы Павел Дуров акцияны 29 сәуір күні де қайталауға шақырды.