Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы бейбіт келісімге биыл қол қойылуы мүмкін. Бұл туралы 27 сәуірде Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Иннің кездесуі қорытындысында қабылданған бірлескен декларацияда айтылады.
Кездесу қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Мун Чжэ Ин екі ел арасында енді соғыс болмайтынын және "бейбітшіліктің жаңа дәуірі" басталатынын мәлімдеді. Ол таяу уақытта Пхеньянға сапарлап бару ниеті барын да айтты. "Ренхап" агенттігінің хабарлауынша, бұл сапар биыл күзде болуы мүмкін.
Солтүстік Корея басшысы болашақта екі ел бірігеді деп үміттенетінін мәлімдеді.
Бірлескен мәлімдемеде екі ел арасындағы "жаулық пиғылдағы кез-келген әрекеттерді тоқтату", екі ел шекарасындағы қарусызданған аймақты "бейбітшілік аймағына" айналдыру, шекараның екі жағында қалып қойған отбасылардың қайта бірігуіне жағдай жасау, шекарадан өтетін көлік жолы мен теміржолдарды біріктіріп, жаңалау, спорт жарыстарына екі елдің бірге қатысуы туралы уағдаластық жасалды.
Бұған қоса екі ел Солтүстік Кореяның Гезонг провинциясында "біріккен байланыс кеңсесін" ашуға келісті. Ол кеңсе "екі ел билігі арасындағы байланысты жақсартып, жақын диалог орнатуға септеседі" делінген.
Ким Чен Ын мен Мун Чжэ Ин арасындағы келіссөз шекара түбіндегі Пханмунджом елді мекенінде өтті. Ким Чен Ын 1953 жылдан бері Оңтүстік Кореяға бірінші рет барған Солтүстік Корея басшысы атанып отыр. 65 жыл бұрын Корей соғысында бітім жасалған, бірақ бейбіт келісімге әлі күнге дейін қол қойылмаған.
Көре отырыңыз: Солтүстік Корея басшысының қадамы