Accessibility links

Ұлыбритания "адам құқығын бұзған" ресейліктерге санкция салмақ


Борис Джонсон, Ұлыбритания сыртқы істер министрі.
Борис Джонсон, Ұлыбритания сыртқы істер министрі.

Ұлыбритания парламентінің өкілдер палатасы адам құқығын бұзды деп танылған шетелдіктерге қарсы санкция салуды мақұлдады. Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон өкілдер палатасындағы негізгі оппозиция Лейбористік партиямен келісімге келген соң санкция салу туралы жобаның дауысқа салынбай қабылданғанын "маңызды оқиға" деп атады.

"Бұл жағдай Ұлыбританияның әлемде адам құқығын бұзушыларға қарсы шаралар қолдануына мүмкіндік тудырады. Ұлыбритания әлемде адам құқығын қорғайды" деп жазды Джонсон Twitter-де. Заң жобасы күшіне енуі үшін оны енді Лордтар палатасы мақұлдауы тиіс.

Осыған ұқсас заң бұған дейін АҚШ-та қабылданған. Ол заң 2009 жылы қарашада Мәскеу абақтысында қаза тапқан Hermitage Capital қорының заңгері, Ресей бюджетінен ірі көлемде қаржы жымқыру айла-шарғысын әшкерелеген Сергей Магнитскийдің құрметіне "Магнитский актісі" аталып кеткен. АҚШ Конгресі қабылдап, кейін кеңейтілген заңда Вашингтон "адам құқығын бұзуға қатысы бар" деп білетін ресейліктерге экономикалық санкциялар салу және виза бермеу қарастырылған.

Ұлыбританияда мұндай заң жобасы наурыз айында Солсбери қаласында Ресей сыртқы барлау қызметінің бұрынғы агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипаль уланған соң мақұлданып отыр. Британ тергеушілері Скрипальдерді улауға Ресей арнайы қызметінің қатысы бар деп біледі.

Заң жобасы Ұлыбританиядағы санкция салу туралы заңға түзету ретінде ұсынылған және ол қабылданса, үкімет әлемде адам құқығын бұзды деп танылғандарға қарсы санкция салуға құзыретті болады.

XS
SM
MD
LG