Мәскеуде сенбі күні Роскомнадзор мекемесі ғимараты алдында наразылық акциясын өткізген тіркелмеген Ресей либертариан партиясының белсенділері Telegram мессенджерін бұғаттаудың доғаруды талап еткен. Бұл туралы "Медиазона" басылымы хабарлады.
Белсенділер талаптары жазылған парақшаларды мекеменің есігіне жапсырған, онан соң ауыздарына лента жапсырып, ғимараттың алдындағы жерге жайғасып отырған. Наразылық акциясы өтіп жатқан жерге полиция қызметкерлері мен ұсталғандарды таситын арнайы автокөлік барған.
Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметіне қолданушылар хат-хабарын шифрлау кілтін беруден бас тартқаны үшін Telegram мессенджерін сот шешімі бойынша, сәуірдің 16-сынан бастап бүкіл ел аумағында бұғаттауды бастаған. Мессенджер билік салған бұғатты айналып өту үшін америкалық Amazon және Google компанияларының серверлерін пайалана бастаған соң, Роскомнадзор оларға кіруге шектеу енгізген. Соның салдарынан интернеттегі 20 миллионға жуық мекен-жай бұғатталып қалған. Ал Telegram мессенджері жұмыс істеп тұр.
Бұған дейін сәуірдің 30-ы күні Мәскеуде өткен "Еркін интернет үшін" шеруіне мыңдаған адам қатысқан. "Левада-центр" орталығы жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, ресейліктердің тек 31 пайызы мессенджерлердегі жеке хат-хабарды билік органдарының сұрауымен оларға беруді қолдамайтындарын білдірген.