Accessibility links

Еуроодақ Ресей билігінің шеруге күш көрсетуін айыптады


Ресейлік полиция қызметкерлері "Ол бізге патша емес" қарсылық акциясына қатысушыларды ұстап әкетіп барады. Мәскеу, 5 мамыр 2018 жыл.
Ресейлік полиция қызметкерлері "Ол бізге патша емес" қарсылық акциясына қатысушыларды ұстап әкетіп барады. Мәскеу, 5 мамыр 2018 жыл.

Еуропа Одағы Ресей қалаларында сенбі күні өткен қарсылық акцияларына шыққандарға қатысты биліктің іс-әрекетін айыптады. Бұл туралы мамырдың 5-і күні Еуропалық сыртқы саясат қызметі (EEAS) жасаған мәлімдемеде айтылған.

Еуроодақ өкілдері Ресей конституциясында бекітілген негізгі құқықтарды қорғау қажеттігін атап көрсеткен. Құжатта журналистерді ұстау БАҚ еркіндігіне қатер төндіреді делінген. Сонымен бірге мәлімдемеде демонстранттарды ұстау және күш қолдану азаматтардың пікір білдіру еркіндігі мен жиын өткізу бостандығына қатер төндіретіні айтылған.

Пушкин алаңына қарсылық акциясына жиналған наразылар мен полиция қызметкерлері. Мәскеу, 5 мамыр 2018 жыл.
Пушкин алаңына қарсылық акциясына жиналған наразылар мен полиция қызметкерлері. Мәскеу, 5 мамыр 2018 жыл.

Сенбі күні Ресей қалаларындағы акциялардың кейбірі жергілікті биліктің келісімінсіз өткізілген, бірақ бұл полицияның наразыларды жаппай ұстауын және қаталдық танытуын ақтай алмайды деп мәлімдеген Еуроодақ сыртқы саясат қызметі. Еуропа Одағы Ресей билігін мойнына алған халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырған.

Сенбі күні Ресей қалаларында өткен "Ол бізге патша емес" ("Он нам не царь") қарсылық акциялары барысында 1600-ден астам адам ұсталған деп хабарлады "ОВД-Инфо" құқыққорғау порталы.

Полиция өкілдері қарсылық акциясы кезінде ұсталған адамды әкетіп барады. Санкт-Петербург, 5 мамыр 2018 жыл.
Полиция өкілдері қарсылық акциясы кезінде ұсталған адамды әкетіп барады. Санкт-Петербург, 5 мамыр 2018 жыл.

Биылғы наурызда Ресей президенті болып төртінші мерзімге сайланған Владимир Путиннің мамырдың 7-іне белгіленген инаугурациясына орайластырылған үкіметке қарсылық шерулері Ресейде ондаған қалада өткен.

Полиция Мәскеуде 704 адамды, Санкт-Петербургте – 229 адамды ұстаған. "Открытая Россия" қозғалысының өкілі Полина Немировская Мәскеудегі наразылық шеруі кезінде полицияның іс-әрекетінен бірнеше адам зардап шеккен деп хабарлады.

Ресей астанасындағы қарсылық акциясы барысында полиция бұған дейін жақтастарын мамырдың 5-і күні Путинге қарсылық танытып көшеге бейбіт шеруге шығуға шақырған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды ұстап әкеткен.

"Ол бізге патша емес" қарсылық акциясына шыққан ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйды полиция ұстап жатыр. Мәскеу, 5 мамыр 2018 жыл.
"Ол бізге патша емес" қарсылық акциясына шыққан ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйды полиция ұстап жатыр. Мәскеу, 5 мамыр 2018 жыл.

Сенбі күні Мәскеудегі Пушкин алаңы мен Тверь көшесіндегі қарсылық шарасынан редакция тапсырмасы бойынша хабар дайындап жүрген Азаттықтың Орыс қызметінің штаттан тыс тілшісі Зося Родкевичті полиция бірнеше сағатқа ұстап, ішкі істер бөліміндегі қызметкерлерге адвокат оның оқиға орнында жұмыс істеп жүрген шетелдік БАҚ тілшісі екенін түсіндіргеннен кейін хаттама толтырмастан босатқан.

Челябинскіде үкіметке қарсы шеруге қатысқан 164 азаматты ұстап әкеткен. Акцияны ұйымдастырушы Борис Золотаревскийді сот 25 тәулікке қамаған.

Бұдан өзге Якутск, Красноярск, Краснодар, Калуга және Новокузнецк қалаларында қарсылық шараларына шыққан ондаған адам ұсталған.

Санкт-Петербургтегі "Ол бізге патша емес" қарсылық акциясы:

​Санкт-Петербургте наразылар мен полиция қызметкерлері арасында қақтығыстар болған. Шеруге шыққандар баррикадалар орнатып, әскерилер қоршап тұрған Сарай алаңына өтуге әрекет жасаған. Полиция наразыларды ұстау кезінде дөрекі күш көрсетіп, резеңке таяқ қолданған.

Саратов қаласында жергілікті билік келісім бермеген акция кезінде полиция қызметкерлері жас баланы ұстаған. Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі көшеде шеруге қосылып кетіп бара жатқан оқушы баламен сөйлескен. Ол қарсылық акциясына қатысуға әкесінен рұқсат алғанын, шеру өтетін күні өзі оқитын мектеп оқушыларға сенбілікке қатысуды міндеттеп, оған келмегендерге орыс тілі пәнінен екі деген баға қоюға уәде еткені туралы айтып берді. Мәскеудегі шеру кезінде полиция өкілдері оппозиционер Алексей Навальныймен бірге алаңнан 15 жасар оқушыны ұстап әкеткен, кейін баланың анасына хаттама толтырған деп хабарлады "Дождь" телеарнасы.

Саратов қаласындағы шеруге 800-ге жуық адам қатысты деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Полиция өкілдері Ресей президенті Владимир Путиннің суреті бар баннерді тәркілеп жатыр. Псков, 5 мамыр 2018 жыл.
Полиция өкілдері Ресей президенті Владимир Путиннің суреті бар баннерді тәркілеп жатыр. Псков, 5 мамыр 2018 жыл.

Псков қаласындағы қарсылық акциясына 200-ге жуық адам қатысқан. Полиция президент Владимир Путиннің суреті мен "Ол бізге патша емес" деген жазуы бар баннер үшін наразылық шеруін ұйымдастырушыны ұстап, хаттама толтырған. Оқиға орнында болған Азаттық тілшісі қарсылық акциясы аяқталғаннан кейін полиция өкілдері әлгі баннерді заттай айғақ ретінде алып кетті деп хабарлады.

XS
SM
MD
LG