7 мамыр күні Владимир Путин Кремльде ант қабылдап, ресми түрде Ресей федерациясының президенті қызметіне кірісті. Оның президенттік өкілеттілігі 2024 жылдың 7 мамырына дейін жалғасады.
Ант берген сәтте Путин "халыққа қызмет ететінін және олардың өмірін жақсартуға барын салатынын" айтты. Путин өз сөзінде "қазіргі ресейлік жастар ата-аналарынан да жақсы өмір сүру керек" деді.
Бүгін ол Мемлекеттік думаға жаңа премьер-министрдің кандидатурасын ұсынады.
5 мамырда Владимир Путиннің 4-президенттік мерзімге сайлануына қарсы Ресейдің көптеген қалаларында "Ол бізге патша емес" деген ұранмен наразылық шарасы өтті. "ОВД-Инфо" дерегінше, наразылық кезінде 27 қалада мың жарымнан астам адам ұсталған. Кейін полиция олардың біразын босатқан. Ұсталғандардың арасында оппозициялық саясаткер Алексей Навальный да бар.
Оқи отырыңыз: "Заң бұзылды" дегенше Путин де жеңіске жетті
Путин 18 наурызда өткен президент сайлауында 76 пайыз дауыс жинап, президент болып сайланған. Сайлауда жеңіске жеткен Путин алты жылдан кейін президенттікке қайта түспейтінін айтқан.