АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Америка Корея түбегінде бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін Солтүстік Кореямен бірлесіп жұмыс істеуге әзір екені туралы мәлімдеді. Бұл туралы ол бүгін Пхеньянда Солтүстік Кореяның ресми тұлғаларымен келіссөз кезінде айтқан.
Помпео Пхеньянға АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынның жоғары деңгейдегі кездесуін әзірлеу үшін барған. АҚШ ресми өкілдерінің айтуынша, бұған қоса Помпео Солтүстік Кореяны тұтқында ұстап отырған үш америкалық азаматты босатуға көндіруге тырысып көреді.
"Біз ондаған жылдар бойы қарсылас болп келдік. Енді біз осы жанжалды шешу, әлемге төнген қауіпті жою және сіздің ел барша азаматтарыңыз лайықты барлық мүмкіндікке ие болу үшін бірігіп жұмыс істейміз деп үміттенеміз", - деген АҚШ мемлекеттік хатшысы.
Бұл Помпеоның Солтүстік Кореяға осымен екінші сапары. Оның Пхеньянға мамырдың 7-і күні қай уақытта ұшып шыққаны ресми жарияланған жоқ.