Осы аптада Мәскеуде ұсталған, Астана "қаржы жымқырған" деген айып таққан қазақстандық бұрынғы банкир Жомарт Ертаев 40 тәулікке үйқамаққа алынды. Мұндай шешімді жұма күні Мәскеудің Пресня аудандық соты шығарған деп хабарлайды ақпарат агенттіктері.
Прокуратура соттан Жомарт Ертаевты маусымның 16-ына дейін тергеу абақтысында қамауда ұстауды және кейін оны Қазақстанға экстрадициялауды сұраған. Прокуратура Ертаевты тергеу абақтысына қамауды сұрауының себебін "ол шетелге қашып кетуі немесе тергеуге қысым жасауы мүмкін" деп түсіндірген.
Бұған дейін Қазақстан экс-банкир әрі кабельдік телекомпанияның топ-менеджері болып істеген Жомарт Ертаевқа халықаралық іздеу жариялаған.
Ресейлік "Коммерсантъ" іскерлік басылымы Жомарт Ертаевтың Мәскеудегі сотта Ресейден саяси баспана сұрағаны және азаматтық алуға құжаттарын өткізіп қойғаны жайлы мәлімдегенін жазады. Басылымның хабарлауынша, Ертаев өзіне "қазақ ұлтшыл-патриоттары қоқан-лоққы жасайтыны" және өзін қудалаудың "саяси астары бары" туралы айтқан.
Ресей күш құрылымдары Мәскеуде жүргізген операция барысында Ертаевты ұстағаннан кейін Қазақстан ішкі істер министрлігі Жомарт Ертаевтың қазақстандық RBK Bank директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі болып істеген кезде жасанды компанияға банктен қарызға 80 миллион доллардан аса ақша бергізген және қарызды қайтармау мақсатымен түрлі іс-әрекеттер жасаған деген күдікке іліккені туралы хабарлаған. "Коммерсантъ" басылымының ақпараты бойынша, сотта Ертаев пен қорғаушылары әлгі айыптауларды жоққа шығарып, банк несиесі "Алма ТВ" кабельдік телеарнаның операторы "Алмател" компаниясының акциялар пакетін сатып алуға пайдаланылды деп мәлімдеген.
2015 жылы Қазақстан бас прокуратурасы Ертаевтың "сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін ұрлаған" деген күдікке ілінгені және оның қайда жүргені белгісіз екені жайлы мәлімдеген. Ертаев болса, ашық көздердегі ақпарат бойынша, соңғы үш жылда Мәскеуде тұрған.
Бұған дейін Жомарт Ертаев Қазақстанда банк заңын бұзған деген айыппен қылмыстық жауапқа тартылған. 2009 жылы Қазақстан қаржы полициясы Альянс Банктің акционерлері мен менеджерлеріне бір миллиард доллардан көп ақшаны ұрлаған деген айып таққан. Сол кезде ұсталып, тұтқындалған Жомарт Ертаев тоғыз ай қамауда отырған. Кейін оған тағылған айып "бухгалтерлік және қаржы есебі туралы заңды бұзу" және "банк қаржысын заңсыз пайдалану" деген баптарға ауыстырылған. Сот Ертаевқа айыппұл салып, бостандыққа шығарғаннан кейін ол Қазақстандағы екінші деңгейлі басқа банктерде жұмыс істеген. Ал 2014 жылдың соңында Жомарт Ертаев "Алма ТВ" компаниясы басшылығына тағайындалған болатын.