Францияда белгілі режиссер және продюсер Люк Бессонға қатысты тергеу басталған. 27 жастағы актриса режиссерді "зорлық жасады" деп айыптаған.
Француздың Agence France-Presse (AFP) жаңалықтар агенттігінің дерегінше, аты-жөні аталмаған әйел полицияға бейсенбінің кешінде Париждегі қонақүйлердің бірінде болғанын хабарлаған. Оның мәлімдеуінше, шай ішкеннен кейін кенеттен өзін жайсыз сезінген және есінен танып қалған. Ол кейін өз-өзіне келген кезде "зорлық құрбаны" болғанын түсінгенін, ал бұл кезде Бессонның бөлмеден шығып кеткенін айтқан.
Режиссердің адвокаты Бессонның бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығаратыны туралы мәлімдеген. Адвокаттың сөзінше, Бессон өзін "зорлады" деп айыптаған әйелді таниды, бірақ "ешқашан ол адамға қатысты әлгіндей іс-әрекетке барған емес". Люк Бессонның қазір шетелде екені және әзірше оны жауап алуға шақырмағаны туралы хабарланды.
59 жастағы Люк Бессон – "Жер асты", "Никита", "Леон", "Бесінші элемент" тәрізді көпке белгілі фильмдердің режиссері. Сонымен бірге ол белсенді продюсер ретінде де танымал.