Астана мен Шымкент қалаларында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бұл туралы Азаттықтың Астана мен Шымкент қалаларындағы тілшілері хабарлады.
Әсіресе, жергілікті әкімдіктердің маңында полиция қызметкерлерінің қарасы көбейген. Ғимарат маңында митинг кезінде адамдарды ұстап отырғызатын полиция автобустары тізіліп тұр.
Астанадағы ескі алаңнан тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшісі Светлана Глушкованың хабарлауынша, шамамен таңертеңгі 11.30-да “Жер сатылмасын” деген жазуы бар плакат ұстаған бір адамды полиция ұстап әкеткен. Полиция оның бейбіт жиын өткізу туралы заң бұзғанын айтқан.
Бұған қоса, тікелей эфир барысында полицияның тағы екі адамды ұстап әкеткені көрінді.
Ал шымкенттік белсенді Данияр Байтілеу таң атпастан полицейлердің үйін торуылдап жүргенін хабарлап, видео жариялаған.
Мамырдың 10-ы күні астаналық белсенділер Мақсат Ілиясұлы, Іңкәр Тиштыбаева, Раушан Торбаев және Әбдуәлі Тағай мамырдың 21-і күні жердің сатылуына қарсы бейбіт митинг өткізу туралы жергілікті билікке өтініш берген. Олар 2016 жылғы "жер шерулеріне" түрткі болған негізгі мәселе – ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді шетелдіктерге сатпау және ұзақ мерзімге жалға бермеу туралы жұртшылықтың билікке қойған талаптары орындалмай, биыл сәуірде парламент мақұлдаған жер туралы заң жобасында даулы нормалардың өзгеріссіз қалғанына наразы екендерін айтқан. Ал Астана және Шымкент әкімдігі өткен аптада белсенділерге митинг өткізуге рұқсат бермеді.
Өткен аптаның соңында “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен Мақсат Ілиясұлы, Раушан Торбаев бес тәулікке, Қайырлы Омар жеті тәулікке қамалған.