Мамырдың 21-і күні Орал қалалық әкімшілік сотының судьясы Ернар Халықов әкімшілік жаза ретінде жергілікті тұрғын Ысқақ Азбергеневке “ескерту” жасады. Зейнеткер Орал қаласында 10 мамырда “саяси тұтқындарды босатуды” талап еткен митингке қатысқан. Ол осы акция бойынша қалада әкімшілік жазаға тартылған алтыншы адам.
10 мамырда онға жуық адам қатысқан наразылық акциясында жиналғандар “саяси тұтқындарға бостандық!” деп айғайлады. Кейбіреулері дәл сондай жазуы бар плакатты қолдарына ұстап алған. Наразылық шарасына қатысушылар үкімет пен ел президентін сынады.
21 мамырда бес күндік қамаудан кейін Бауыржан Алипкалиев және Әнуарбек Ермешев бостандыққа шықты.
Наразылық шарасына қатысушы екі азамат – 79 жастағы Мая Лукьянова мен 77 жастағы Ғалиолла Ғұмаровқа бұған дейін сот “ескерту” жасаған. 58 жастағы Бакиза Халеловаға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (48 100 теңге) айыппұл салған. Олардың барлығы ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 488-ші бап, 1-ші бөлімі (бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу) бойынша "құқық бұзды" деп кінәлі танылған.
2018 жылдың 10 мамыр күні Қазақстанның бірқатар қалаларында ондаған адам наразылық шарасына шығып, олардың көбі ұсталды. Олар қамау, айыппұл және ескерту жасау түрінде әкімшілік жазаға тартылған.
Шетелде тұрып жатқан бұрынғы банкир, қазақстандық билікті сынаушы және елде тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдау” қозғалысының құрылтайшысы Мұхтар Әблязов 10 мамырда рұқсат етілмеген акцияны "мен ұйымдастырдым" деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР