Accessibility links

"Хиджаб дауы": ондаған оқушы келесі сыныпқа көшпейді


Шалқар қаласы тұрғыны Ербол Тұрғанбаевтың орамал таққаны үшін сабаққа кіре алмай жүрген қыздары Айым және Көркеммен бірге түскен суреті. Шалқар қаласы, Ақтөбе облысы, 16 қыркүйек 2017 жыл.
Шалқар қаласы тұрғыны Ербол Тұрғанбаевтың орамал таққаны үшін сабаққа кіре алмай жүрген қыздары Айым және Көркеммен бірге түскен суреті. Шалқар қаласы, Ақтөбе облысы, 16 қыркүйек 2017 жыл.

Ақтөбе облысында "орамал дауы" кесірінен биылғы оқу жылында мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбеген 22 бала келесі сыныпқа көшпейді. Оқушылар ата-аналарының шағымын аудандық және облыстық соттар қанағаттандырмады. Бақылаушылар билік даулы мәселені шиеленіске жеткізбей шешуі керек дейді.

Мамырдың 22-і күні Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы Шалқар қаласының тұрғындары Ербол Тұрғанбаев пен Нұрбол Сүйіндіковтің шағымын қарап, арыз иелерінің орамал таққан қыздарын сабаққа кіргізуден бас тартқан мектеп әкімшілігінің ісін заңды деп тапқан аудандық сот шешімін күшінде қалдырды. Арыз иелері Шалқар аудандық соты 2018 жылғы ақпанның 14-інде шығарған шешіммен келіспей апелляциялық шағым түсірген болатын.

Билік елдегі "діни ахуалы аса күрделі" аймаққа жатқызатын Ақтөбе облысында оқушы қыздарының мектепке орамал тағып барғанын қалайтын ондаған ата-ана бар. Олар Қазақстан Конституциясының діни наным-сенім бостандығына кепілдік беретінін алға тартып, балаларының діни сенімге сәйкес киіну хақылары бар деп санайды. Мектеп әкімшілігі болса оқушылар сабаққа Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен белгіленген үлгідегі бірыңғай мектеп формасын киіп қатысуға міндетті деген уәж айтады.

Орамал дауы жалғасып жатыр (2 сәуір 2018 жыл):

АТА-АНАЛАР МЕКТЕП САЛҒАН ТЫЙЫММЕН КЕЛІСПЕЙДІ

Шалқар қаласындағы №5 мектеп-лицейдің үшінші сынып оқушысы Диляра Мұраттың әкесі Нұрбол Сүйіндіков "орамал дауына" байланысты биылғы оқу жылы мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізуден бас тартқан қызына жыл бойы репетитор жалдап, үшінші сынып бағдарламасын толық оқытып шыққанын айтады. Шалқарда репетитор қызметін көрсететін маман болмағандықтан Диляраның ата-анасы облыс орталығы Ақтөбеге уақытша қоныс аударып, пәтер жалдап тұрған.

- Орамал тартқаны үшін Шалқардағы №5 мектеп-лицей директоры қызымызды мектепке кіргізбей қойды. Лажсыздан Ақтөбеге келіп, ай сайын 30 мың теңгеге пәтер жалдадық. Диляраны айына 15 мың теңге төлеп, репетитор орталығында оқыттық. Оқу жылы аяқталғандықтан осы аптада қайтадан Шалқарға көшеміз, - дейді Нұрбол Сүйіндіков.

Шалқар қаласының тұрғындары Ербол Тұрғанбаев (сол жақта) пен Нұрбол Сүйіндіков апелляциялық сот алқасының отырысына қатысып отыр. Ақтөбе, 22 мамыр 2018 жыл.
Шалқар қаласының тұрғындары Ербол Тұрғанбаев (сол жақта) пен Нұрбол Сүйіндіков апелляциялық сот алқасының отырысына қатысып отыр. Ақтөбе, 22 мамыр 2018 жыл.

Мамырдың 22-і күні облыстық соттың апелляциялық алқасы Нұрбол Сүйіндіковпен бірге Шалқар қаласының тағы бір тұрғыны Ербол Тұрғанбаевтың да шағым қарады. Ол Шалқардағы №5 мектеп-лицейдің 8-ші және 10-сыныптарында оқыған екі қызы Айым мен Көркем Серіковаларды мектеп сабаққа кіргізбей қойғандықтан олар қазір Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде оқып жатқандарын айтады.

- Алматыда қыз балаларға арналған "Ғалым" жеке мектебі бар. Айым мен Көркем үшінші тоқсаннан бастап сол мектептің оқушылары. Ас-суын қоса есептегенде әрқайсысы үшін ай сайын 35 мың теңге төлеймін. Бұл, әрине, оңай емес. Аппеляциялық алқаға көп үміт артқанмын. Енді Жоғарғы сотқа шағымдануға тура келіп тұр. Жоғарғы сотта жеңіп шықсақ, қыздарымның Шалқардағы өз мектептерінде білім алғанын қалаймын, - дейді Ербол Тұрғанбаев.

Адвокат Ағысбек Төлегенов (сол жақта) апелляциялық сот отырысында сөйлеп тұр. Ақтөбе, 22 мамыр 2018 жыл.
Адвокат Ағысбек Төлегенов (сол жақта) апелляциялық сот отырысында сөйлеп тұр. Ақтөбе, 22 мамыр 2018 жыл.

Сотта Ербол Тұрғанбаев пен Нұрбол Сүйіндіковтің заңды өкілі болған бұрынғы судья Ағысбек Төлегенов те енді Жоғарғы сотқа жүгінетіндерін айтады.

- Менің бір түсінбейтінім, Алматыда, Шымкентте орамал тартатын балалар мектепке еркін барып жүр. Заң бүкіл Қазақстанға ортақ емес пе?! Онда неге Ақтөбеде ғана орамалға тыйым салынған? - дейді Ағысбек Төлегенов.

"БІЛІМ ЗАҢЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН" АЙЫППҰЛ ТӨЛЕДІ

Ақтөбе облыстық Дін істері басқармасының дерегінше, қазір облыста "бірыңғай мектеп формасы талабын бұзғаны" себепті 22 бала сабаққа бара алмай отыр. Оның екеуі Шалқар қаласынан, қалған 20 бала – Ақтөбе қаласындағы мектептердің оқушылары. Облыстық білім басқармасы өкілі бұл оқушылардың келесі сыныпқа көшпейтінін айтады.

Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева (оң жақта) "орамал дауына" қатысты жиында сөз сөйлеп тұр. Ақтөбе, 5 ақпан 2018 жыл.
Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева (оң жақта) "орамал дауына" қатысты жиында сөз сөйлеп тұр. Ақтөбе, 5 ақпан 2018 жыл.

- "Білім туралы" заңға сәйкес, оқу бағдарламасын меңгермеген бала келесі сыныпқа көше алмайды. Соған қарамастан біз ата-аналар арасында әлі де түсіндіру жұмыстарын тоқтатқан жоқпыз, - дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Облыстың білім саласындағы бақылау департаментінің бөлім басшысы Жанат Мұхамбеталинаның Азаттыққа айтуынша, биылғы жылы аймақта "орамал дауына" байланысты балалары мектепке бармай қалған 19 ата-анаға 12025 теңгеден айыппұл салынған.

- Он тоғыз адамның әрқайсысына бес айлық есептік көрсеткішке (қазір бір АЕК - 2405 теңге) тең мөлшерде айыппұл салынды. Оларға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабының 2-тармағында көрсетілген ("Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің білім беру заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы") заң талабын бұзғаны үшін шара қолданылды, – дейді Жанат Мұхамбеталина.

"Орамал дауына" байланысты жиынға қатысушылар. Ақтөбе, 3 ақпан 2018 жыл.
"Орамал дауына" байланысты жиынға қатысушылар. Ақтөбе, 3 ақпан 2018 жыл.

Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің дерегінше, әкімшілік жауапқа тартылған он тоғыз ата-ананың арасында Ақтөбе қаласымен бірге облыстағы Алға, Қарғалы, Қобда, Шалқар мен Хромтау аудандарының тұрғындары бар.

Оқи отырыңыз: Ақтөбе соты "орамал айыппұлын" өзгертпеді

"ШИЕЛЕНІСКЕ ЖЕТКІЗБЕЙТІН ШЕШІМ КЕРЕК"

Ақтөбе облысында орамал таққаны үшін мектеп оқушыларының келесі сыныпқа көшпеуі қоғамда түрлі пікір туғызды. Қазақстан парламентінің экс-депутаты Амангелді Айталы балалары мектепке кіре алмай жүрген тұрғындар мәселесін Конституциялық кеңеске жүгіну жолымен шешу керек деп санайды.

Парламенттің экс-депутаты Амангелді Айталы.
Парламенттің экс-депутаты Амангелді Айталы.

- Бұл жерде таразыға түсіп тұрған конституциялық құқық пен Білім және ғылым министрінің бұйрығы. Ақылға салып қарасақ, бұл жерде балалардың құқын шектеу, алалау көрініп тұр. Келесі сыныпқа көшпейтін 22 бала Ақтөбе облысы оқушыларының бір пайызына да жетпейді. Сондықтан шамадан тыс сақтанып, оларды үлкен бір қауіп деп санау дұрыс емес. Бұл мәселе бойынша [сот] Конституциялық кеңеске жүгінуі керек. Басқа жолы жоқ. Егер де билік бұлайша шірене берсе, халық арасында шиеленіс өсіп кетуі мүмкін. Біз Ақтөбенің ерекше бір аймақ екенін де еске алуымыз керек. Қанша дегенмен де бұл өлкеде дін мәселесінде билікке қарсылық басқа жерге қарағанда басымырақ. Оны болған оқиғалар көрсетті. Содан сабақ алуымыз керек, - дейді Амангелді Айталы.

Қазақстан Конституциясы бойынша, Конституциялық кеңеске қатардағы азаматтар тікелей жүгіне алмайды. Мұндай құқық президентке, премьер-министрге, парламенттің қос палатасының жетекшілері мен жалпы санының кемінде бестен бір бөлігі болған жағдайда парламент депутаттарына берілген. Сонымен бірге, "егер сот қолданыстағы заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт Конституциядағы көрсетілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінуге міндетті" деп көрсетілген.

Діни радикализммен күрес туралы кеңестен жалпы көрініс. Ақтөбе, 19 мамыр 2017 жыл.
Діни радикализммен күрес туралы кеңестен жалпы көрініс. Ақтөбе, 19 мамыр 2017 жыл.

Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы өткен жылы күзде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кей мектеп әкімшіліктері мен ата-аналар арасындағы "орамал дауына" себепші болған. Аталған аймақтарда мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған ондаған оқушының ата-анасы сотқа арыз берген. Тұрғындар шағымын қараған соттар Білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.

Оқи отырыңыз: Орамал дауы үдеген жыл

Бұдан соң қыздары сабаққа кіре алмай жүрген ата-аналар биліктен жеке медресе салып беруді сұраған болатын. Сол кездегі Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев бұл мәселеге қатысты: "Балаларын орамал тағып немесе хиджаб кигізіп мектепке жіберетін болса, олар өздері жиналып, демеушілер іздеп, жеке мектеп ашуына құқығы бар" деп жауап берген еді.

Ата-аналар биліктен медресе ашуды сұрады (Ақтөбе, 10 қаңтар 2018 жыл):

Хиджаб таққандардың ата-аналары биліктен медресе ашуды сұрады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:40 0:00

Өткен жылы Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева Ақтөбе облысында "ата-анасы радикалдық діни көзқарас ұстанатын" 516 бала орта мектептерге барып жүр деген дерек келтірген болатын. Қазақстан билігі "діни ахуалы аса күрделі" аймаққа жатқызатын Ақтөбе облысы "дәстүрлі емес діни ағымдар" ықпалында жүргендер саны бойынша елде алдыңғы орында деп мәлімдейді.

2016 жылы маусымның 5-інде Ақтөбе қаласында бейбіт тұрғындар мен күш құрылымы қызметкерлерінің қазасына себеп болған қарулы шабуыл жасағандарды билік "радикал деструктивті діни ағымдар өкілдерінің іс-әрекеті" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG