Алматының Медеу аудандық сотының судьясы Гүлмира Бейсенова 28 мамыр күні қалалық прокуратураның Ratel.kz интернет-порталының бас редакторы Марат Әсіповке қарсы шағымын қанағаттандырды. Прокуратура шағымында "Ratel.kz сараптамалық интернет-порталының" қызметін тоқтатуды, оны тіркеуді жоюды және Ratel.kz пен Balborsyk.kz домендерін пайдалануына бір жыл тыйым салуды сұраған.
Сот шешімімен Марат Әсіповтің БАҚ-та және Ratel.kz, Balborsyk.kz, wildratel.com, itau.kz және басқа да домендік атауларда "Ratel.kz" интернет-порталы атынан ақпараттық материалдар жариялап, таратуына да тыйым салынды.
Марат Әсіпов бұл сот шешіміне байланысты кейбір мемлекеттік шенеуніктер интернет-портал мен өзін әлдебір адамдардың мүддесі үшін жүйелі түрде қуғынға ұшыратып отыр деп долбарлайды. Ол сот шешіміне апелляциялық шағым түсіретінін айтады.
Алматы прокуратурасының Ratel.kz сайты мен бас редакторы Марат Әсіповке қарсы азаматтық шағымы сәуірдің басынан қарала бастаған. Прокуратура шағымға редакцияның сайтты тіркеу ережесін бұзуы себеп болғанын айтады. Прокуратура Ratel.kz порталының иесі Геннадий Бендицкий қайтыс болған соң Ratel.kz доменін пайдаланып материал жариялауды, Balborsyk.kz-ті Ratel.kz сайты меншігіне алуды заң бұзу деп біледі. Бұдан өзге, Ratel.kz интернет-ресурсы орналасқан аппарат-бағдарлама кешені шетелде орналасқан. Ratel.kz сайтын тіркеуге қою туралы куәлікте орыс тілі ғана көрсетілгенімен, мақалалар орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде шығады.
ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Арлем Дезир өткен аптада Алматыда өткен Еуразия медиа форумында Қазақстанда "кейбір БАҚ-ты қудалауда Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы қолданылып отырғанын айтып" бұған Ratel.kz пен Forbes Kazakhstan журналын мысалға келтірген.
Оқи отырыңыз: Астананы "сыни пікірлермен санасуға" шақырады
Бұл БАҚ-тың журналистері қазір "көрінеу жалған ақпарат тарату" айыбымен қылмыстық жауапқа тартылған. Алматы полициясы бұрынғы қаржы министрі Зейнолла Кәкімжановтың арызы бойынша оларға қарсы іс қозғаған.
ПІКІРЛЕР