Қазақстан Ұлттық банкі "Астана банкінің" жеке тұлғаларға депозит және банк есепшотын ашу лицензиясын 2018 жылдың 29 тамызына дейін тоқтатты.
Ұлттық банктің 29 мамыр күні таратқан ақпаратына қарағанда, "Астана банкі" лицензиясын уақытша тоқтату туралы қаулы 28 мамыр күні қабылданған.
"Астана банкі" лицензиясы банк "бір жыл ішінде келісім бойынша төлем және аударым операцияларын жасау міндеттемесін үш немесе одан да көп рет тиісті түрде орындамағаны үшін" тоқтатылған.
Бұл шешімнің бұған дейін ашылған депозиттерге және банктің осы кезге дейінгі клиенттеріне қатысы жоқ.
18 сәуірде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк қызметін қорытындылаған жиында "жұмысын сәтсіз жүргізіп, одан ары мемлекеттен қолдау көрген банктердің ешқандай нәтиже көрсетпегенін" айтқан.
"Сондықтан барлығына Ұлттық банкті қыспаққа ала беруді тоқтатуға кеңес беремін. Қазір "Эксимбанк", "Астана банкі" және Qazaq Bank банктері акционерлері нашар басқарып, салымшыларына жауап бере алмай, қарыз болып қалғандықтан көрсеткіштері нашарлап кетті. Олар қалай жұмыс істей алады? Парламент депутаттарын араластырып, Ұлттық банкке қысым жасай беруді тоқтатыңыздар деп тағы да айтам" деген Назарбаев.
Бұдан соң "Астана банкі" өзінің тұтынушылары, серіктестері мен несие берушілері алдындағы барлық міндеттемесін "тұрақты орындап отырғанын" мәлімдеген. Кейін банк 22 сәуір мен 2 амыр аралығында жеке тұлғалардың банктен ақшасын алуы мен ақшалай аударым жасауына шектеу енгізген.
Ұлттық банк сәуірдің соңында Qazaq Banki банкінің де жеке тұлғаларға жаңа депозит пен есепшот ашу лицензиясының күшін тоқтатқан.
ПІКІРЛЕР