Сирия Грузияның жікшіл Абхазия және Оңтүстік Осетия аймақтарын тәуелсіз мемлекеттер деп таныды. Абхазияның іс жүзіндегі президенті Рауль Хаджимбаның ресми сайтында жарияланған құжатта Абхазия мен Сирияның "екі елдің елшіліктер ашу арқылы дипломатиялық байланыс орнату және өзара түсіністік" туралы уағдаластық жасасқаны айтылады.
Ал өзін-өзі жариялап алған Оңтүстік Осетия сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде бұл аймақ пен Сирияның "дипломатиялық байланыс орнатқаны" айтылады.
Жікшіл аймақтармен дипломатиялық байланыс орнатылғанын Сирия Сыртқы істер министрлігі де хабарлады. Сухуми мен Цхинвалиде Сирия елшілігі, ал Дамаскіде Абхазия мен Оңтүстік Осетияның өкілдіктері ашылмақ.
Ресей қолдайтын жікшіл аймақтар – Оңтүстік Осетия мен Абхазия Грузиядан бөлініп, "тәуелсіздіктерін" жариялаған. Ресей 2008 жылы тамызда Грузиямен қысқа соғыс жүргізгеннен кейін бұл екі жікшіл аймақты "тәуелсіз мемлекет" деп таныған. Ресейден басқа ол екі аймақтың "тәуелсіздігін" тек бірнеше ел ғана мойындаған. Тбилиси мен Батыс елдері бұл аймақтарды "Грузияның басып алынған аймақтары" деп таниды.
Өткен аптада АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Мәскеуді Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан әскерін шығаруға шақырған. Ол Вашингтон бұл аймақтарды Грузияның Ресей басып алған біртұтас аумағы деп танитынын және Тбилисиге қолдау көрсете беретінін мәлімдеген.
Ресей Сирияда 2015 жылдан бері әскер ұстайды. Ресей әскері Сирия президенті Башар Асадқа қарулы оппозициялық топтармен күресінде қолдау көрсетеді.
ПІКІРЛЕР