Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Өзбекстанға сапарлап келген ресейлік "Росатом" компаниясының бас директоры Алексей Лихачевпен екі елдің атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану саласындағы ынтымақтастығын талқылады.
Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша тараптар атом электр станциясын (АЭС) салу жобасын, ұлттық кадрларды дайындау, елде жобаны дамытатын ұлттық компания құру жайын талқылаған. "Росатом" өкілдері Өзбекстанға АЭС салуда страгетиялық серіктес болуға дайын екенін тағы да білдірген.
Өзбекстанда алғашқы АЭС Қазақстанмен шекаралас Науаи облысында салынады деп жоспарланған. Александр Лихачевтің айтуынша, АЭС салатын орын Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевпен жүргізілген келіссөзде анықталған.
"Президент пен премьер бүгін бізге Науаи облысындағы алаңды айтты. Ұзамай сол жаққа шығып, ақпарат жинаймыз. Біз жобаны ұйымдастыру жайы туралы келістік" деді Лихачев Мирзияевпен кездесуінен соң журналистерге.
Өткен жылдың соңында Өзбекстан мен Ресей үкіметтері арасында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалғаны хабарланған. Келісімге "Росатом" басшысы Алексей Лихачев пен Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Нодир Отажонов қол қойған.
Қазір Өзбекстанда АЭС салу жобасын дайындайтын жұмысшы тобы құрылған.
ПІКІРЛЕР