Accessibility links

Екі ақтөбелік терроризм айыбымен сотталды


Ақтөбе сотының судьясы Ерлан Бақытжан үкім оқып тұр. 31 мамыр 2018 жыл.
Ақтөбе сотының судьясы Ерлан Бақытжан үкім оқып тұр. 31 мамыр 2018 жыл.

Ақтөбе қалалық соты "терроризмді насихаттады" деген айыппен Ерлан Сарқұловты алты жыл алты айға, Азамат Дәулетияровты алты жылға бас бостандықтарынан айырды. 27 жастағы жұмыссыз Ерлан Сарқұловқа "терроризмді насихаттады" (Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлімі) және және "діни алауыздық туғызды" (Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлімі) деген айып тағылған. Сарқұловтың құрдасы, Ақтөбе феррорқорытпа зауытының бұрынғы жұмысшысы Азамат Дәулетияров "терроризмді насихаттады" деп айыпталған.

Соттың мәліметінше, тергеу айғақ ретінде сотқа аудио жазба мен оның стенограммасын ұсынған. Аудио жазбаға Астана қаласында діни-филологиялық сараптама жасалған. Оны Ерлан Сарқұловтың адвокаты Айбек Қоянбаев растады.

- Үш адам сөйлесіп тұрады. Сөйлеп тұрған негізінен сот мәжілісі кезінде куә ретінде жауап берген Жаңабаев есімді азамат. Ал Сарқұлов пен Дәулетияров оның сөзін "иә" , "солай" деп тыңдап тұр. Бірақ сарапшы Сарқұлов пен Дәулетияровты "терроризмді насихаттаушы" етіп шығарған да, үшінші адам куәға айналып шыға келеді. Біз сараптамамен де, сот үкімімен де келіспейміз. Апелляциялық шағым түсіреміз, - дейді адвокат Қоянбаев.

Сотталушыларға үкімді түсіндірген Ақтөбе қалалық сотының судьясы Ерлан Бақытжан:

- Сіздер куәға қысым жасалғандықтан ол жалған сөйлеуге мәжбүр болды деген едіңіздер. Сот бұл сөздеріңізді қорғанудың тәсілі деп бағалады, - деді.

Үкім оқылып болысымен Ерлан Сарқұловтың анасы судьяға:

- Арандатушыны неге жазаламайсыздар?! Оны жұрттың бәрі біліп отыр. Спектакль жасап отырсыздар!" деп айқайлады.

Сотталушылардың өзге туыстары үкімге риза еместігін, апелляциялық шағым жазатындарын айтып жатты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG