Accessibility links

Пентагон: Пхеньян жойқын қарудан арылмай санкция өзгермейді


АҚШ қорғаныс министрі Джим Мэттис (ол жақта шетте), Жапония қорғаныс министрі Итсунори Онодера (ртада) және Оңтүстік Корея қорғаныс министрі Сон Йон Му Сингапурдегі кездесуде. 3 маусым 2018 жыл.
АҚШ қорғаныс министрі Джим Мэттис (ол жақта шетте), Жапония қорғаныс министрі Итсунори Онодера (ртада) және Оңтүстік Корея қорғаныс министрі Сон Йон Му Сингапурдегі кездесуде. 3 маусым 2018 жыл.

АҚШ қорғаныс министрі Джим Мэттис Солтүстік Корея ядролық қарудан "толық арылу бағытынан ауытқымайтын қадамдарға барғанша" бұл елге салынған санкциялар ешқашан жұмсармайтыны туралы мәлімдеген. Мэттис бұл сөзін маусымның 3-і күні Сингапурде Оңтүстік Корея және Жапонияның әскери өкілдерімен кездесер алдында айтқан.

"Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Солтүстік Кореяға қатысты қабылдаған барлық қарарын орындауды жалғастыра береміз", - деген Пентагон басшысы.


"Солтүстік Корея ядролық қарудан толық арылу бағытынан ауытқымайтын және оны тексеруге болатын қадамдарға барғанда ғана жәрдем алатын болады", - деген Мэттис Шангри-Лада өткен қауіпсіздік жөніндегі конференциядағы сөзінде.

Пентагон басшысы бұл мәлімдемесін АҚШ президенті Дональд Трамп маусымның бірі күні Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынмен маусымның 12-інде Сингапурде кездесетінін жариялағаннан кейін жасаған. Оған дейін Трамп әуелі Ким Чен Ынмен кездесетінін хабарлап, мамырдың 24-і күні "Пхеньян тарапынан дұшпандық сарында жасалған мәлімдемелерге" байланысты Ким Чен Ынмен кездеспейтінін жариялап, келесі күні Пхеньянмен диалогты жандандыру туралы мәлімдеген болатын. Трамп Ким Чен Ынмен жоспарланған алдағы келіссөзде Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын доғару мәселесі бойынша "өте жағымды нәтиже" болады деп күтетінін айтқан.

Солтүстік Корея БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарларын бұзып, ядролық қару мен баллистикалық зымыран сынақтарын өткізгеннен кейін халықаралық қауымдастық бұл елге қарсы санкциялар енгізген болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG