Петропавлда Уральская көшесінде орналасқан екі қабатты үйдің қабырғасы опырылып құлады. Тұрғындардың айтуынша, сегіз пәтерлі екі қабатты баспананың бір жақ қабырғасының шеті 7 маусымға қараған түні құлаған. 1953 жылы салынған үй 2014 жылы апатты деп танылған.
Жергілікті билік өкілдері апатты үйде тұрып жатқан тұрғындарды уақытша баспанамен қамтамасыз ету жайы қарастырылып жатқанын айтады.
-Екінші подъезде төрт отбасы тұрып жатыр. Екі отбасыға уақытша баспана беріледі. Басқаларына қатысты мәселе қаралып жатыр және баспана беру сұрақтары жақын арада өтетін Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын-үй комиссиясы отырысында қаралады. Нәтижесі жайында міндетті түрде хабарлаймыз,- дейді тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының өкілі Бауыржан Бейсембаев.
Уральская 3 мекен-жайында орналасқан үйде төрт отбасында тоғыз адам тұрып жатыр. Бұл үйдің тұрғындары бұған дейін "құлаған үйіндінің астында қаламыз" деп қауіптенетінін айтқан еді.
Видео: Апатты үй тұрғындары: "Барлығы шіріп жатыр"
Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мамандарының дерегінше, Петропавл қаласында 180-ге жуық адам тұрып жатқан 19 апатты үй бар.
ПІКІРЛЕР