Accessibility links

Навальныйдың түрмедегі туысына қатаң шара қолданған


Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный (сол жақта) бауыры Олег Навальныймен бірге "Ив Роше" ісі бойынша сотта тұр. Мәскеу, 30 желтоқсан 2014 жыл.
Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный (сол жақта) бауыры Олег Навальныймен бірге "Ив Роше" ісі бойынша сотта тұр. Мәскеу, 30 желтоқсан 2014 жыл.

Ресейлік "Жемқорлыққа қарсы күрес қорының" негізін қалаған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың бауыры, "Ив Роше" ісі бойынша сотталған Олег Навальныйды ол жазасына өтеп жатқан колония әкімшілігі қатаңдатылған режимдегі бараққа ауыстырған. Түрме тәртібі бойынша, ондай тұтқынның туыстарымен кездесуі және сәлемдеме алуы азаяды. Олег Навальныйға не себепті мұндай шара қолданылғаны әзірше белгісіз.

Мамырдың 22-і күні бостандыққа шығуына бір ай қалған Олег Навальныйды айып изоляторына қамаған. Түрме әкімшілігі Навальныйға осымен жетінші рет мұндай шара қолданып отыр. Тұтқынның айтуынша, оны жататын уақыт кезінде үстел басында отырғаны, майка киіп жүргені немесе белгіленген уақыттан кеш оянғаны үшін жазалған.


Сәуірдің соңында Ресей Жоғары соты "Ив Роше" ісі бойынша бұған дейін шыққан сот үкімін күшінде қалдырған. 2014 жылғы желтоқсанда Ресей соты оларды «алаяқтық» және «арам ақшаны заңдастырғаны» үшін айыпты деп танып, Алексей Навальныйды шартты мерзімге, ал оның бауыры Олег Навальный үш жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Ағайынды екеуі өздеріне шыққан үкімнің саяси астары бар деп мәлімдеп, тағылған айыптарды мойындаудан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG