АҚШ президенті Дональд Трамп өзіне дейін Ақ үй әкімшілігін басқарған Барак Обамаға 2014 жылы Ресейдің Қырымды аннексиялап алуына жол бергені үшін жауапкершілік артылады деп мәлімдеген.
Канада өткен "Үлкен жетілік" саммиті кезінде журналистер сұрағына берген жауабында Трамп Ресейдің әлемнің жетекші державаларымен келіссөзін қайта жандандырып, "Үлкен жетілік" қатарына Ресейді қабылдап, ұйымды "Үлкен сегіздікке" айналдырған дұрыс деп білетінін тағы қайталаған. Журналистердің бірі Ресей Қырымды аннексиялап алғаны үшін "Үлкен жетілік" құрамынан шығарылғанын еске салған. Бұған Трамп Қырым туралы сұрақты 2014 жылы АҚШ президенті болған Барак Обамаға қойған жөн деп мәлімдеген.
"Обама Ресейдің Қырымды алып қоюына мүмкіндік берді. Менің тәсілім мүлде басқаша болар еді, бәлкім, - деген Трамп нақты не жайында екеніне түсініктеме бермеген.
Трамптың бұл сөзін бұрын Ресейдегі АҚШ елшісі қызметін атқарған Майкл Макфол сынды оппоненттері сынға алған. Олардың айтуынша, Обама әкімшілігі Ресейдің Қырымды аннексиялап алуын айыптап, сол іс-әрекетіне байланысты шаралар қабылдаған. Сондай шараның бірі – Ресейді "Үлкен сегіздік" құрамынан шығару болған.
ПІКІРЛЕР