Accessibility links

Түркіменстанда нанды төлқұжат көрсеткенге сатады


Ашғабатта азық-түлік дүкені алдында кезекте тұрған адамдар.
Ашғабатта азық-түлік дүкені алдында кезекте тұрған адамдар.

Түркіменстан астанасы Ашғабаттағы мемлекеттік дүкендерде азық-түлік алуға келгендер ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр, аймақтарда нан сатып алу үшін төлқұжат көрсетуді сұрайды деп хабарлады Азаттықтың Түркімен қызметі – Азатлык радиосы.

Ашғабаттағы тілшінің хабарлауынша, қалада қант, ұн, өсімдік майы тәрізді негізгі тамақ өнімдерінің тапшылығы байқалып отыр. "Түркіменстанның балама жаңалықтары" тәуелсіз басылымының ақпараты бойынша, Ашғабаттағы мемлекеттік азық-түлік дүкендерінде әр ересек адамға бір келі қант пен он жұмыртқадан ғана сатып жатыр. "Балаларға тамақ өнімдерін сатпайды. Сатушылар егер балаларға да тамақ сатылатын болса, онда ата-аналары тапшы азық-түлікті көбірек сатып алу үшін балаларын балабақшадан алып, дүкенге кезекке қояды деген уәж айтады" деп хабарлайды басылым.

Фотогалерея. Ашғабаттағы азық-түлікке кезек

Түркіменстан аймақтарының көбінде сауда орындарынан ұн жоғалып кеткен деп хабарлайды Азатлык радиосы тілшілері. Дашогуз облысында тұрғындар ұн сатып алу үшін ай бойы кезекте тұруға мәжбүр.

"Дашогузде ұн таба алмайсыз. Қазір тұрғындар әр адамға үш келі ұн сатып алу үшін бір ай бұрын кезекке тіркеледі, бірақ ұн әкеліп жатқан жоқ. Тұрғындардың жағдайы өте ауыр, базарда астық жоқ, бір келі жүгерінің бағасы 13 манатқа дейін қымбаттап кетті. Адамдар әкімшілікке ары айтып барып жатыр, алайда оларға құрғақ уәдеден басқа ештеңе бермейді", - деп хабарлайды Дашогузден Азатлык тілшісі. Оның айтуынша, ұн тапшылығына байланысты аймақтағы наубайханалардың көбі жұмысын тоқтатқан. Кей аудандарда нанды төлқұжаты көрсеткен жергілікті тұрғындар ғана сатып алады, ал көрші аудандардан келгендерге нан сатылмайды деп хабарлайды Азатлык тілшісі.


Экспортқа шығаратын негізгі тауары – газ бағасы құлдырағаннан кейін Түркіменстан экономикасының дағдарысқа ұшырауы тұрғындардың өмір сүру жағдайына кері әсер еткен. Тұрғындар жұмыссыздық көбейіп бара жатқаны туралы айтады. Шетелге жұмысқа кетпек болғандар түрлі кедергілерге кезігеді, Ашғабат әуежайында кей азаматтарды, себебін еш түсіндірместен, халықаралық рейстерге отырғызбайды деп хабарлайды Азатлык.

Оқи отырыңыз: Түркияға ұшуға рұқсат ала алмаған жолаушы "өз-өзіне қол салған"

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG